Қазақстанда мектеп түлектері кешке дайындалып жатыр. Кеше ғана мектепте сабақ оқып жүрген бозбала мен бойжеткен бүгін сәнді киім іздеп жүрсе, ата-аналар салтанатты шара өткізбек. Kazinform агенттігі еліміздің әр өңіріндегі бағаны салыстырды.
Мектеп бітіру кешіне кетер шығынды есептеу үшін екі адамға (бала мен ата-ананың бірі) қажетті қаржы есептелді.
Мейрамхана
Ең негізгі шығын – мерекелік дастарқан. Мейрамханаларда екі адамға 40 000 – 150 000 теңге қажет. Бұл қаржыға тіскебасар, салат, ыстық тамақ пен шай дастарханы, сонымен бірге асаба, видеограф қызметі кіреді. Лимузин мен LED-экранды жалға алады. Еліміз бойынша ең төмен баға Петропавл, Түркістан мен Таразда. Бұл қалаларда банкет құны екі адамға 40 000 – 45 000 теңге.
Ақтөбе, Орал, Павлодар, Көкшетау, Қонаев, Павлодар, Көкшетау, Қонаев, Талдықорған мен Жезқазғанда баға одан сәл жоғары. Екі адамға 50 000 – 60 000 теңге.
Ал Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Қостанай, Шымкент пен Қызылордада мейрамханалардың бағасы екі адамға 70 000 теңгеден басталып, 100 000 теңгеге дейін жетеді.
Өскемен мен Семейде мейрамхана бағасы қымбат. Екі адамға – 118 000 теңге.
Ең қымбаты – Атырау қаласында. Мұнда екі адамға 150 000 теңге керек.
Тағы бір қажетті дүние – естелік фото.
Фотостудиялар фотоальбомның бірнеше түрін ұсынады. Кейбір түлектер қарапайым ғана естелік фотоны жөн көреді. Олар 4-5 беттен тұратын фоттальбомды таңдайды. Кейбірі фотосессия ұйымдастырып, 100 беттік альбомға тапсырыс береді. Естелік альбомның орташа бағасы – 10 000 теңге.
Ең арзан фотоальбом Петропавл, Семей, Өскеменде жасалады. Бұл қалаларда баға – 8000 – 8500 теңге.
Коллаж: Kazinform
Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда, Қонаев пен Таразда баға сәл жоғары. Мұнда естелік альбом 9000 – 12 000 теңге аралығында.
Астана, Алматы, Орал, Павлодар, Түркістан мен Талдықорғанда фотоальбом бағасы – 15 000 – 17 000 теңге.
Атырау, Қостанай мен Шымкентте баға – 20 000 теңге.
Түлектердің фотоальбомы Ақтауда қымбат. Мұнда баға – 30 000 теңге.
Сәнді киім
Бітіруші түлектердің киім үлгісі де, оның бағасы да әртүрлі. Ер балаларға қарағанда қыздардың ата-аналары көп шығындалады.
Елімізде салтанатты кешке арналған көйлектің орташа құны тәулігіне 10 000 – 150 000 теңге. Ал егер сатып алса, баға бірнеше есе қымбат болады. Ер балаларға арналған костюм-шалбар орта есеппен 50 000 теңге болып тұр.
Сонымен бірге тізімге қыздардың шаш үлгісі мен бет әрлеуді қосуға болады. Орташа бағасы – 20 000 теңге және одан жоғары.