Жолдау жүктеген міндеттерді бірлесе атқарған маңызды

0 6

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаев Атырау қаласына іссапармен барды. Сапар барысында Қазақстан Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін жан-жақты түсіндіру мақсатында өңірдегі діни бірлестік қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдерімен жиын өтті.
Басқосуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Б.Мансұров, «Приход Собора Успения Божией Матери Уральской Епархии» шіркеуінің басшысы М.Соколов, Римдік-католиктік Атырау Апостол әкімшілігінің әкімшісі Б.Дариуш, «Шапағат» қоғамдық қорының директоры М.Тұрлыбеков, «Ақпарат» қоғамдық ұйымының директоры Г.Елешова, «Төртінші билік» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі А.Адиева және басқа да ұйымдар өкілдері қатысты.
Елбасы Жолдауында еліміздің одан әрі даму жолына мақсатты және айқын бағыттар қойылған. Оларды жұмыла шешіп, өзара бірлікте атқару өте маңызды. «Жолдау – жаңа мақсаттарға жетелейтін басты құжат. Президент өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін қажетті міндеттерді нық сеніммен атап көрсетті. Осы құжатты біз ықыласпен қабылдаймыз, оның міндеттерін жүзеге асыруда күшіміз бен үлесімізді қосамыз», деді комитет төрағасы Е.Оңғарбаев.
Сонымен қатар, жиын барысында Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде әзірленген және қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің талқылауындағы «Діни бірлестіктер мен діни қызмет туралы» Заң жобасына қатысты бірқатар маңызды мәселелер төңірегінде ой қозғалды. Жиын соңында қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға дәйекті жауаптар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.