Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 100 сауықтыру спорт кешенін салуды тапсырды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі Today.kz-ке сілтеме жасап.
— Аймақтық деңгейде жаппай спорт пен дене шынықтыруды көтеру үшін қор табу керек. Бірінші рет айтып тұрған жоқпыз. 50 сауықтыру спорт кешенін салу тапсырылды. Арыстанбек (мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, – ред.) қайда? Енді мен әр аулада дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік болу үшін 100 сауықтыру кешенін салуды тапсырамын. Бұны облыстар да, аудандар да істей алады. Ешқандай құрал-жабдықтың, үлкен қаражаттың қажеті жоқ, Жай ғана аулада спортпен шұғылдана алуы керек. Жақында Түркияда болдық, шағын паркке бардық, ол жақта көшеде қысы-жазы тренажер тұрады. Бізде неге жоқ? Бұл темірлерді тиын-тебенге сатып алуға болады, есесіне балалар аулаға шыққанда спортпен айналысады, футбол ойнайды, спорт деген осы, – деді мемлекет басшысы.
Президент спортпен шұғылдану тегін болуы керектігін айтты.
— Олар тәулік бойы жұмыс істеуі керек. Оқушылар үшін тегін немесе арзан болуы тиіс. Не үшін тұрғыздыңдар? – деді Назарбаев.