ҚР Білім және ғылым министрлігі «Орта білімді жаңғырту» жобасының басталғанын жариялады. Аталған бастаманың негізгі мақсаты — қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқарту. Ол үшін қыруар қаржы бөлініп отыр, деп xабарлайды «Zhambylnews» Ақпарат Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жобаның жалпы құны — 75 млн АҚШ доллары. Соның басым бөлігі — 67 млн-ды Дүниежүзілік банк беріп отыр, қалғаны — бюджет қаражаты. Осы қаржыға ауыл мектептерін мультимедиалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеру жоспарланған. Негізгі мақсат — қала мен ауыл мектептерінің білімін теңестіру. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суxанбердиеваның айтуынша, 75 млн доллардың 60 пайызы мультимедиалық құрал-жабдықты сатып алуға жұмсалады. Ондай құрылғылар 5 мың мектепке жеткізіледі деген жоспар бар. Оның барлығы — ауыл мектептері.
«Осының арқасында ауыл мектептері білім саласындағы жаңа теxнологияларды қолдана алады. Тестілеуді онлайн режимде өткізуге мүмкіндік болады. Жоба аясында педогикалық білімді жаңғыртуға арналған шаралар да бар. Осыған орай, педагогикалық мамандықтар бойынша 30 жаңа оқу бағдарламасы әзірленеді. Сондай-ақ, мұғалімдерді даярлаудың жаңа моделі жасалады», — деді Э.Суxанбердиева Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Айта кеткен жөн, жоба аясында 16 педагогикалық жоғары оқу орнын материалдық жағынан күшейту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, инклюзивті білім беруге ерекше көңіл бөлінеді.
«Дүниежүзілік банк өз ақшасын 17 жылға 2 пайызбен беріп отыр. Себебі бұл — әлеуметтік жоба. Сосын бес жылға арнайы жеңілдік қарастырылған. Бұл дегеніміз — алдағы бес жылда біз ешқандай пайыз төлемейміз. Алдымен мультимедиалық құрал-жабдықтарды аламыз. Одан кейін бағдарламаларды әзірлейміз. Содан соң мұғалімдердің біліктілігін көтереміз» , — деп атап көрсетті Э.Суханбердиева.