Ресей Қазақстанға гуманитарлық жүк жіберді

0 1

Ресей Федерациясы Қазақстанға гуманитарлық жүк жіберді.    “ZhambylNews” АА бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен COVID-19-ға қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен уағдаластықтарының жалғасы ретінде 8 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласына Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы бортымен гуманитарлық жүк жеткізілді. РФ гуманитарлық жүгінде медициналық маскалар, қорғаныс киімдерінің жиынтықтары мен медициналық препараттар бар. Қазақстандағы гуманитарлық көмектің бірыңғай операторы «СҚ-Фармация» ЖШС болып табылады», — деді министрліктен.

Сондай-ақ алдағы жақын уақытта Ресейден тағы бірнеше рейс гуманитарлық жүк жеткізілетіні атап өтілді.

«Қазақстан Сыртқы істер министрлігі коронавирус пандемиясымен күресте көрсеткен қолдауы үшін Ресей Үкіметі мен бауырлас халқына алғысын білдіреді», — деді ведомстводан.

Еске салайық, Асқар Мамин мен Михаил Мишустин CОVID-19-бен күрестегі бірлескен шараларды телефон арқылы талқылаған болатын. Ресей тарапы Қазақстанға дәрі-дәрмек және шығыс материалдарымен бірге тест жүйелері түрінде гуманитарлық көмек көрсетуге, сонымен қатар жұқпалы аурулар госпитальдары мен вирусологиялық зертханаларды ашу бойынша мамандарды ҚР-ға жіберуге дайын екенін білдірген еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев РФ Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы әңгімесінде коронавируспен күресте елімізге гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдағаны үшін ризашылық білдірді.

Ал 6 шілде күні Қазақстанға РФ-дан 32 дәрігер келді. Олар қазақстандық әріптестеріне коронавируспен күресте көмек көрсететін болады. Мамандардың бір бөлігі Алматы қаласына жіберілді.

Күні кеше ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен РФ Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олег Гридневтің онлайн кездесуі өтіп, олар клиникалық хаттама, ғылыми зерттеулер әзірлеу, вакцина мен оның клиникалық сынағын қарастыру, гуманитарлық көмек және дәрі-дәрмек бойынша бірлескен әзірлемелерді жеткізудегі ынтымақтастықты талқылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.