Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс тұрғындарын кезекті рет карантин кезінде отбасылық жаппай іс-шараларды өткізбеуге және оларға қатыспауға шақырды , — деп хабарлайды “ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мен облыс тұрғындарына тағы да ескерткімкеледі. Қазір бәрі өзімізге байланысты. Біз жақындарымыз бен айналамыздағылар және біздің көмегіміз бен қолдауымызға мұқтаж жандар үшін жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек. Мен жамбылдықтарды барлық санитарлық және карантиндік шараларды қатаң сақтауға шақырамын. Қарт адамдардан қажетсіз сыртқа шықпауын сұранамын. Облыста 300-ден астам егде жастағы адам коронавируспен ауырған.
Өкінішке орай, қарт кісілер бұқаралық отбасылық шараларға, үйлену тойларына, беташарларға, құдалықтарға баруды жалғастыруда. Осылайша сіз өз туыстарыңыз бен жақындарыңыздың деңсаулығына қауіп төндіресіз. Ондай болса балаларыңыз бен немерелеріңізге қандай үлгі көрсетесіздер? — деді Сапарбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында.
⠀
Аймақ басшысы азаматтарға тек ресми ақпарат көздеріне сенудің, жалған немесе нақты емес ақпараттарды таратпаудың маңыздылығын баса айтты.
Түрлі арандатушылықтарға бой алдырмаңыздар. Кез келген ақпаратты тиісті мемлекеттік органдармен тексеруге болады. Егер әрқайсымыз қазіргі жағдайдың күрделілігін сезініп, түсінетін болсақ, қабылданған барлық шаралар өз нәтижесін беретін болады. Ол үшін мемлекет, қоғам, азаматтар бірлесіп әрекет ету қажет, — деп түйіндеді ол.
⠀