«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлт рухының көкке көтерілген, салтанат құруына негіз болған салиқалы еңбек. Желмен жарысқан жүйрікті қолға үйретуімен ата-бабаларымыздың адамзат өркениетіне үлес қосқаны белгілі. Дана халқымыз өз мінезін, өмірінің әрбір белесін, тұлғаның қалыптасу кезеңдерін жылқымен қатыстыра суреттеуі – бұл құбылыстың дүниетанымымызға қаншалықты сіңісті болғанына нақты дәлел болып отыр.
Президент Н. Назарбаев бұл мақаласында әлемдегі көптеген халықтардың өзінің тарихи Отанындағы жетістіктерімен мақтана алатындығын тілге тиек ете келе, қазақ халқының да ежелден келе жатқан жетістіктері мол екендігін танымал деректер арқылы негіздейді. «Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті», — дей келе Қазақстан өз аумағында автохтонды тайпалық бірлестіктер мен мемлекеттер негізінде құрылғандығын және бұл қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отырғандығын атап өтеді.
Елбасы Н. Назарбаев өз мақаласында: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты…. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі»,- деп қадап айтты.
Адамзат қоғамының дамуында ерекше рөл атқарған оқиғалардың бірі жылқыны қолға үйрету мен жылқы шаруашылығының пайда болуы болғаны белгілі. Жылқыны қолға үйретумен ежелгі ру-тайпалардың өмірінде аса зор өзгерістер орын алды. Енді олар алыстарға ұзап көше бастаса, ру-тайпалардың мұндай қоныс аударулары олардың өзара әскери қақтығыстарын да күшейте түсті. Жылқы өсірудің, қолөнердің (тері өңдеу, әскери қару жарақ жасау ісі, жылқының ер тұрманын жасау және т.б.) дамуымен, яғни қоғамдағы екінші еңбек бөлінісінің, қолөнердің бөлінуіне байланысты қоғамдық құрылымда да елеулі өзгерістер пайда болды. Әскери қақтығыстар жиілей түскен сайын тұрақты әскерилер, яғни соғыс ісіне «маманданған» жауынгерлердің болуы заңдылыққа айнала бастайды. Олар жауға тойтарыс беруге әрі өздері де тұрақты әскери жорықтар ұйымдастырып тұруға тиіс еді. Міне, осы жауынгерлер болашақтағы тек қазақ қоғамына тән батырлар институтының негізгі әлеуметтік қызметін — батырлардың азаматтық істерге араласуынан басқа әлеуметтік сипатының
негізгі қыры, ең басты ерекшелігі дәстүрлі қоғамда олардың тек әскери кәсіппен айналысуын қалыптастырды.
Сібір аумағында жүргізілген археологиялық зерттеулерде темір дәуірінде Батыс Сібір аумағында атты жауынгер-батыр культі орнағанын көрсетіп отыр. Атты жауынгерлердің қола мүсіндерінің көптеп табылуы батырлар мен әскери көсемдерді құдаймен теңестіру түсінігі қалыптасқанын, бұл өз кезегінде батырлардың сонау ежелгі замандардан-ақ қоғамдық өмір мен әлеуметтік сатыда маңызды орын алғанын көсетеді.
Ежелгі авторлардың көпшілігі көшпелі халықтардың жауынгерлігі мен ержүректілігін ерекше атап көрсеткен. Мәселен Цыма Сянь ежелгі көшпелі халықтар туралы айта келе, «олардың барлығы бейбіт күндері малшаруашылығымен айналысады, ал қауіп туған жағдайда әскери іспен айналысады. Әскери іспен айналысу олардың табиғи қасиеттері болып табылады, олардың барлығы атты садақшылар және жер өңдеумен емес, малшаруашылығымен айналысады; Мұндай халық ешқашан жеңілуді білген емес», — деп атап өтеді. А. Смит көшпелілердің жаулап алу соғыстары туралы талдау жасай келе, соғыс кезінде «варварлардың жасақтары өркениетті халықтардың жасақтарына қарағанда артықшылығын нақты көрсететіндігін» жэазады.
Қазіргі кездегі зерттеушілердің көпшілігі де көшпелілердің жауынгерлік рухының жоғары болуын көшпелі мал шаруашылығының экстенсивті түрімен, әскери артықшылықтарын қоғамның жалпы қалыпты жағдайы ретінде кең көлемді аумақтарды тұрақты түрде қорғап отыру қажеттіліген туындаған динамизмнің нәтижесі деп түсіндіреді. Мәселен, көшпелілердің жауынгерлік рухының жоғары болуын Л. Кржевицкий малды тұрақты түрде күзету қажеттілігі өмір салты ретінде қарастырылғандықтан деп түсіндірсе, Ф. Ратцель көшпелі қоғамның жылжымалылығы мен жалпы іс-қимылдар жасауға бейімділігімен байланыстырды.
Қазақ батырларының қару-жарақ түрлері мен әскери өнері жылдар өте келе жетілдіріліп отырды. Қазақтар ұрыс салғанда әскер сапы азиялық ондық жүйесі бойынша, яғни ондық, жүздік, мыңдық, түмен болып бөлінді. Көшпелілердің соғыс тәсілдерінің осыған ұқсас тағы бір ерекшеліктері әскери бөлімдерді орталық, оң және сол қанат, авангард және тосқауыл деп жіктеді.
Алдынғы бөлім басты күш болып табылып, негізінен садақ, найзамен қаруланған жасақтардан тұрды. Алдыңғы қатарлы бөлімдер өте жауапты деп есептелгендіктен оның қатарына өте ержүрек, алғыр сарбаздарды іріктеп алып отырды. Бұл бөлімнің қолбасшылығына ханның ең сенімді адамдарының бірі /туысы, әмірлер, бектер/ тағайындалды.
Қазақ әскерінің келесі сапы оң қанат яғни «маймана» деп аталса, сол қанаты «майсара» деп аталды. Бұл екі топтың сарбаздары көшпелі әскери құраманың ең басты екпінді бөлімдері болып табылды. Оның алдыңғы қатарында өте тәжірибелі, көптеген қанды соғыстарды басынан кешкен сарбаздар тұрды. Оң және сол қанат әскери бөлімдерінің әскербасылығына сұлтандар, әмірлер, бектер, баһадүрдер жетекшілік етті.
Қазақ жасағының төртінші бөлімі «орта» деп аталды. Бұл құрама екі қанаттың ортасын алып сап түзді. Бұл әскери бөлімнің басы-қасында хан тұрды. Ханның ордасы осы орталық бөлімде де немесе тылда да орналаса алатын. Ханның шатыры көбінесе биік шоқы немесе жотаның басына орналасуы заңды құбылыс еді. Себебі биік жерге орнығып алған бас қолбасшы майдан даласында болып жатқан соғыстың барысын көзімен көріп, керек кезінде қажетті тактикалық айла-әдістер қолданып отыруға ұтымды еді. Бұған қоса, іріктеліп алынған ханның жеке күзетіне жауап беретін ұлан жасақталып, хан ордасы төңірегіне орналастырылды. Аталған ұланның сапына аса тәжірибелі, көптеген сынақтан өткен, ханға жан-тәнімен берілген батырлар мен сарбаздар жинақталды.
С.Г. Кляшторный мен Т.И. Султановтың «Казахстан – летопись трех тысячелетий» еңбегінде қазақ жүздерінің өзіндік орны мен ноқтаағалығы мынадай бірнеше қағидатқа байланысты деп көрсетіледі:
1 Соғыс жағдайындағы орын белгілеу барысында.
2 Соғыс барысында қолға түскен олжаны бөліске салу және т.б..
Майдан даласында мергендер сапы да зор үлес қосып, жаудың қолын ойсырата түскен. Қазақ батырлары да «оғын жүзіктің көзінен өткізетін», «құралайды көзге атқан» мерген, садақ тартуды шебер меңгерген садақкерлер болған. Мұны атақты садақшы, үздік мерген Еспенбет батырдың ерлігі де дәлелдей түседі. Ол бірде орға түсіп кеткен Ақбантай батырды көздеп тұрған жаудың садақшысын көз ілеспес жылдамдықпен атып өлтіреді. Садағын қалың жауға керген мергендер сапында Есекей, Жолай болса, оның бірі би, бірі батыр атанған.
Қазақ қоғамындағы қазақ батырларының өзіндік ұстанымдары, дәстүрлері, қасиеттері мен тұрмысы, салт-санасы, ар-намыс кодекстері, принциптері, портреті мен бейнелік тұлғалары, өзіндік мұраты, қоғамдық қызметі, этикалық ерекшеліктері, ырым-жоралғылары ұлттық құндылықтар жүйесін құрады. Дәстүрлі қазақ қоғамында батырлық ежелден өмір салты ретінде қарастырылды.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар институтына тән ұғымдық өлшемдер, мысалы, «кек алу», «ант беру», «олжа», «сауға» және т.б. өзіндік ерекшеліктері қалыптасты. Батырлардың рухани бет-бейнесі мен қызметінің халқымыздың рухани құндылықтар жүйесіндегі орнын қарастыруда ауыз әдебиеті деректерінің маңызы өте зор. Себебі, халықтың өзімен бірге жасасқан, оның іші-болмысымен біте-қайнасып кеткен ауызша тарих айту дәстүрі ұлттық болмыс пен оның ерекшеліктерін ашып көрсете алады. Ауызша дерек мәліметтері қоғамдық даму барысындағы құбылыстардың кең тарихи панорамасын көрсете алуымен құнды.
Қазақ қоғамындағы батырлардың тағы бір қызметі оның рухани қызметіне тікелей байланысты болғанын көреміз. Ол әрбір ұлттың өзіндік ұлттық сипатын көрсететін айрықша белгілерінің бірі ретінде қазақ халқының да «батырлар елі», «батыр халық», яғни батырлықты халқымыздың ұлттық болмысының ажырамас бір қыры ретінде көрсете
отырып, келешек жас ұрпақты шынайы ұлтжандылыққа тәрбиелеудің таптырмас құралы болып табылады.
Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге, қоғамның қайта түлеуі, ұлттық рух пен тарихи сананың жандануы орын алды. Осыған орай есімдері ел есінен ұмытыла бастаған батыр бабаларымыздың тәуелсіздік жолындағы ерен еңбектері мен тағылымды өмірбаяндары халқымызбен қайта қауышуда. Қазіргі қазақ қоғамында ХVІІІ-ХІХ ғасырдың бірінші жартысында ерлік көрсеткен білекті де жүректі батырлардың өмірбаяны мен ерлік істері кеңінен дәріптеліп отыр. Бірақ, бұл бағытта мәселені ғылыми тұрғыдан жүйелі түрде зерттеу қажеттілігі әлі де болса күн тәртібінде тұр.
Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихтың терең қойнауына сіңіп бара жатқан батырларымызды, ел аузындағы ауызша тарихымыз арқылы, ерте кезеңдерде жазылып кеткен деректер мен материалдар арқылы сүзіп алып, болашақ ұрпақ санасына сіңіру мүмкіндігін бізге көрсетумен қатар, тарих саласының ең өзекті міндеттерінің бірі ретінде ұсынып отыр.
М.Х.Дулати атындағы
Тараз мемлекеттік университетінің
бірініші проректоры т.ғ.д., профессор Асқар Абдуалы