Таңғы асты сағат 08.30-ға дейін ішіп үлгеру керек. Одан кейін ішілген ас қанда қантты көбейтіп жіберуі мүмкін. Ал бұл инсулиннің көп бөлінуіне әкеледі. Осылай дейді Америка ғалымдары.
Қазір әлем халқының зардап шегіп отырған негізгі ауруларының бірі – қант диабеті. Ағзада зат алмасымның бұзылуынан пайда болады. Қандағы қант мөлшері бірде көбейіп, бірде түсіп кететін дерттің түрі.
Қант диабетіне шалдыққандар қандағы қант мөлшерін тұрақты ұстау мен реттеп отыру үшін уақтылы ас ішу керегін жақсы біледі. Тамақтану әдеті мен физикалық белсенділік бір-біріне шақ келуі тиіс. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанады.
Америка ғалымдары қант диабетіне шалдыққандарға арнайы тәжірибе жүргізіп, қай уақытта ішкен астың пайдалырақ боларын қарастырған. Нәтижесінде, сағат 08.30-ға дейін ішілген астың пайдасы барын анықтаған. Атап айтқанда ерте ішілген ас қанта қант мөлшерін көбейтпейтін көрінеді.
Қанда қант тұрақты болса, инсулиннің резистенттік сипаты да аз болмақ. Сондықтан ғалымдар таңғы асты сағат сегіз жарымға дейін ішіп алған жөн дегенді айтады.
Айта кетейік, инсулин дегеніміз – ұйқы безінен бөлінетін гормон. Ол қандағы қанттың бұлшық ет пен бауырға жетуін, одан энергия өндірілуін қамтамасыз етеді. Егер ағза жасушалары инсулинді сезбесе, онда қандағы қантты игере алмайды. Содан инсулинге тұрақтылық пайда болады. Содан ұйқы безі қантты игеру үшін инсулинді бөлуін одан әрі күшейтеді. Бұл өз кезегінде түрлі ауруларға әкеледі.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz