Компьютерді барынша көбірек тазалап, шаңын сүртіп жүрудің маңызы жайында айтып көрейік.
Компьютерде жұмыс істеп отырғанда бір сәт ұстап қалыңызшы, қалай ыстық боп бара жатқанын байқайсыз. Кез келген компьютер қосылған кезде жылу бөледі. Әсіресе, ауыр программалармен жұмыс істегенде не ойнағанда тіптен қызады.
Ысыған көлікті суытатын радиаторы бар сынды, ысыған компьютерді де суытатын құрал – вентилятор болады. Егер компьютерді төсек, жастық, киім сынды шаң көп жерге қойсаңыз, вентилятормен айналып, шаң ішіне кіреді. Міне, ішке кірген осы тозаң жинала келе компьютердің жұмысын баяулатады. Тез қызып кететін, жұмыс істей алмай «ойланып қалатын» кездері көбейеді.
Вентиляторға шаң тұрып қалғаннан кейін, ішкі жылу сыртқа дұрыс шықпайды да, компьютердің өзін қыздырып жібереді. Компьютер тым қызған кезде, жұмыс істеу жиілігі төмендеп, ток кернеуі азаяды. Мұны компьютер өзін сақтап қалу үшін әдейі істейді. Ол – троттлинг деп аталады. Троттлинг компьютерді бұзылып қалудан сақтайды. Бірақ жұмысын нашарлатады.
Тіпті, темекінің түтіні де компьютерге зиян екен. Темекі түтініндегі шаң-тозаң мен тұмша компьютердің ішіне кіріп, вентиляторға қақ боп тұрып қалады. Кәдімгі адамның өкпесіне қалай беріш тұрып қалса, компьютердің дем алушы өкпе-вентиляторына дәл солай қатып қалады.
Ендеше компьютерге шаң түсірмеудің жолын қарастырып, күткен жөн. Жұмыс істерде үстел үстіне, шаңы жоқ жерге қойыңыз. Алды-артын сүртіп, үстелдің үстін тазалап жүріңіз. Ал компьютердің процессіне шаң тола бастаған сәтте, тазартуға беріңіз.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz