Қазақ үшін қажет бұл мақала islam.kz сайтынан алынған. Бірнеше хадис кітаптарында келтірген мына бір риуаятта, сахаба Әбу Һурайра (радияллаһу анһ), Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай дегенін жеткізеді: «Қайсыбіреулерің ұйқыға жатарда қолындағы еттің иісін жумай жатып, бір нәрсеге ұшыраса, өзінен көрсін!» Тазалық — иманның жартысы. Соның ішінде ең маңыздысы астан бұрын және астан кейін қол жуу. Астан бұрын және астан кейін қол жуу асқа береке кіргізеді, әрі қолға жұққан түрлі микробтардың ішке кетуінен сақтайды.
Жоғарыдағы хадисте «қолындағы еттің иісі…» деген сөзінің мәні – қолына жағылған май мен тамақ қалдықтарын, сондай-ақ қолдағы еттің иісін, тамақтың иісін білдіреді. Сондықтан, тамақтан кейін қолды жууды ұмытпаған дұрыс, әсіресе жатар кезде қолын жуып жатқан жөн. Әйтпесе, түрлі залалды жәндіктер қолдағы еттің иісіне келіп, ұйықтап жатқан адамға залалын тигізуі мүмкін немесе жын-шайтандар мазалауы мүмкін. Сол себепті Алла елшісі: «егер бір нәрсеге ұшыраса, өзінен көрсін» деп қатаң ескертіп отыр. Ал «бір нәрсеге ұшыраса өзінен көрсін» деген сөзінен, тамақтан кейін қолды жуып жатудың маңыздылығын ұғынамыз.
Ендеше, етті тамақ жегеннен кейін қолды құр майлықпен сүртіп қана қоймай, артынан сумен де жууды ұмытпаған дұрыс. Әуелі, кішкене балаларды қадалаған жақсы. Өйткені жас балалар тамақ жегеннен кейін қолды жумай ұықтап қалып жататын кездері жиі кездеседі. Одан балаға әлдебір зиян келмес үшін, қолын жууды үйреткен абзал.