Оқу жылы басталды. Студенттердің басым көпшілігі оқу іздеп, Алматы, Нұр-Сұлтан секілді ірі қалаларға келіп, алғаш рет ата-анасынан жырақтады. Осы орайда Massaget.kz тілшісі психолог Іңкәр Әлиевамен сөйлесіп, студент психологиялық тұрғыдан қандай жағдайға дайын болу керегін сұрады.
«Басқа қалаға келген студент ең бірінші жеке өмірге дайын болуы керек. Ол өз-өзіне жауапкершілік алуға, шешім қабылдауға, өз әрекеттеріне жауап беруге дайын болуы керек. Толық есею процесіне өтуі қажет. Екінші нәрсе — ата-анасынан психологиялық түрде сепарация (бөліну — еск.) жүруі. Ата-анасымен бұрынғыдай иерархиялық қарым-қатынас жүзеге асырмай, жеке тұлға ретінде шешім қабылдай алуы керек. Үшінші мәселе — жаңа ортаға бейімделу, ортасымен адаптация жүруі қажет», — дейді маман.
«Бұл — алаяқ! Сақ бол!» Бізден кеңес
№1 «Бізде түпнұсқа, өкінбейсің».
Ірі қалаларда сауда жақсы дамыған. Әркім өз тауарын сатқысы келеді. Оның ішінде алаяқтар да болуы мүмкін. Студенттердің басым көпшілігі ақшасын үнемдеу үшін базарға барады. Базарларда, сауда орталықтарында иіссу, әтірді «бізде түпнұсқа, өкінбейсің» деп ұсынатындар әрі оны далада сатыр жүргендер кездессе, бірден «жоқ» деу қажет. Өйткені сапалы, дұрыс, түпнұсқа тауар ешқашан мұндай жолмен сатылмайды. Ақшасына қарап, қажетсіз дүниеге ұрынудан аулақ болыңыз.
№2 «Бірнеше орталыққа пайдаға асатын карта, ақшаңды үнемдейсің»
Студенттер жиі алданатын нәрсенің бірі — неше түрлі карталар. Мұны бизнес қылғандар да бар. 1-курста сізге сұлулық салонына, түрлі орталыққа жеңілдік жасайтын жиынтық карта ұсынатындар табылады. Әдетте олар «есесіне көп ақша қалтаңызда қалатынын» айтады. Бірақ бұл төленген ақысын ақтамайтын нәрселердің қатарында. Одан да мереке, айтулы күндерде болатын жеңілдікті қадағалап жүрсеңіз, ұтасыз.
№3 «Бірінші ақшаның бір бөлігін жібер»
Ірі қалаларда студенттердің бәрінде дерлік кездесетін басты проблема — баспана жайы. Бірі жатақхана ала алмайды, енді бірі туысын жағалағысы келмейді. Осындайда бірнеше адам бірігіп, пәтер жалдауды құп көреді. Пәтер алуда сақ болыңыз. Өйткені алаяқтар ұзақ жыл бойы әккі болып алған. Тіпті осындай алаяқтардың бірінің схемасын белгілі блогер Есентай Ниязбаев әшкерелеген еді. Қымбат көрінетін үйге арзан баға қойылса, бірнеше жарнамада бірдей сипаттама берілсе немесе бір айлық ақының жартысын тез арада жіберу сұралса, бұл алаяқ екенін естен шығармаңыз. Осындай белгілер байқалса, әңгімені бірден үзіңіз.
Айта кетейік, Алматыда жалдамалы пәтер бағасы бір жылда айтарлықтай өзгерген. Мысалы, студент көп жиналатын Бостандық ауданында тамыздың басында бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы 180-200 мың теңге болған. Ал қыркүйекте дәл осы ауданда бір бөлмелі пәтерлерден 200 мыңнан арзаны аз болған еді.
№4 «Байып кетесің»
1-курс студенті арман қуып, үлкен мақсатпен келетіні түсінікті жайт. Мұндай студенттер көп ақша тауып, тез байып кеткісі келетіні де жасырын емес. Осындай мақсатпен келетіндер түрлі алаяқ компаниялардың құрбаны болып жатады. Қандай істі ойға алсаңыз да, жұмсаған уақытыңыз бен энергияңызды ақтай ма, сараптап алыңыз. Қазір дамыған заман. Түрлі ұсыныс жасалса, әркімге сенбей, алдымен ізденгеніңіз жөн. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек» деген қағида сізге көмектесері сөзсіз.
№5 Заттарыңа мұқият бол
1-курс студенттері көп адаммен бірігіп, жатақханада немесе пәтерде тұрады. Оның ішінде таныс емес жат адамдармен де бір баспананы бөлісуге тура келеді. Жаныңыздағы адамдардың қандай адам екенін білмей тұрып, бағалы заттарыңыз бен ақшаңызды кез келген жерге тастаудан аулақ болыңыз. «Сақтансаң, сақтайды». Айналаң адал, әділ адамдар екеніне толық көз жеткізген кезде ғана «өзім» деп қабылдауға болады. Оған дейін ортаға сын көзбен қараған дұрыс.
Еске салайық, бұған дейін жатақханаға көшкенде 1-курс студентіне не керегін жариялаған болатынбыз. Сондай-ақ, студенттердің алғашқы шәкіртақысын бір айға жеткізуге көмектесетін лайфхактарды ұсынған едік.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz