Қазақстанда балалардың мүддесін қорғайтын мемлекеттік бағдарлама қажет. Бұл жайында мәжілісмен Зағипа Бәлиеваның еліміздің Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстандағы балалар құқығы жөніндегі уәкіл ретінде Сіздің назарыңызды Қазақстанда балалар мүддесін қорғайтын мемлекеттік бағдарламаның жоқ екендігіне аударғым келеді.
Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясына сәйкес балалардың айрықша қорғаныс пен көмекке құқықтары бар. Қазақстан Республикасының Конституциясы отбасы, ана мен балаға мемлекеттік қолдау көрсетуге кепілдік береді», — деді ол. Депутаттың айтуынша, Қазақстанда сәбилер өлімі төмендегенмен, оның көрсеткіші әлі де жоғары қалып отыр. Балалар арасында түрлі ауруларға, мүгедектікке шалдығу деректері де жиілей түсуде. Соңғы 5 жылда оқушылардың сырқаттануы 22 пайызға артып, мүгедек балалардың саны 81,5 мыңға жетіп отыр. «Қараусыз қалған балалардың да саны артуда. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көрсеткіші де өзекті күйінде қалып отыр. Жыл сайын елімізде отбасынан және балаларды тәрбиелейтін мекемелерден 200 бала қашып кетеді. Тәрбиесі қиын балаларды арнайы мекемеге әкелу деректері де арта түсуде. Қазіргі жетімдердің басым бөлігін ата-аналары тастап кеткен», — деді депутат. Мәжілісменнің дерегінше, 7 000 баланы мемлекет өз қамқорлығына алған. «2016 жылы 2 999 баладан ата-анасы бас тартса, 817 баланы ата-анасы тастап кеткен. 2017 жылдың 10 айында 1 740 балаға қылмыстық әрекет қолданылған. Оның ішінде 248 бала жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Ал 311 бала айуандықпен өлтірілген. Бұл деректердің артында тағдыры тәлкекке ұшыраған жастарымыздың өмірі тұр. Меніңше, балалардың мүддесін қорғайтын мемлекеттік бағдарлама дайындайтын уақыт жетті. Бақытжан Әбдірұлы, сіздің назарыңызды Балалардың мүддесін қорғайтын мемлекеттік бағдарлама әзірлеу ісіне аударғым келеді», — деді Зағипа Бәлиева.
Дереккөз: inform.kz