Мұратхан Тоқмәдидің ісі бойынша 130 куәгердің 30-нан жауап алынды

0 15

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында бизнесмен, «Депутаттық корпус» атты қылмыстық топтың серкесі Мұратхан Тоқмәдидің ісі бойынша сот ісі жалғасуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Процесс дүйсенбі күні, яғни 19 ақпанда басталды. Екі күннің ішінде 30-ға жуық куәгерден жауап алынды, — деп хабарлады агенттік тілшісіне Бас прокуратураның аға прокуроры Ілияс Исқалиев. — Жалпы, 135 куәгер бар. Алайда олардың 75-і ғана сотта сөйлейді».

20 ақпан күні өткен сот отырысының соңында судья Азамат Тілепов сот әкімшілігіне Тоқмәдидің ісі бойынша куәгер ретінде өтіп жатқан 25 азаматтан сотқа келе алмайтыны туралы өтініш түскенін хабардар етті.

«Себептер әртүрлі. Кейбіреуінің қолында мүгедек туысы бар. Ондай адамдар мұқтаж туысын тастап кете алмайды. Кейбіреуі басқа қалаға шығып кетіп, үлгере алмайды», — дейді Азамат Тілепов.

Еске салайық, «Депутаттық корпус» қылмыстық тобының жетекшісі М.Тоқмәди 2017 жылдың қазанында Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен бопсалаушылық жасағаны үшін және заңсыз қару-жарақ сақтағаны үшін сотталған еді. Сот оны үш жылға бас бостандығынан айырған болатын.

Белгілі болғандай, 2017 жылдың қазанында шыққан сұхбатында сотталушы М. Тоқмәди банкир Ержан Тәтішевті 2014 жылдың 19 желтоқсанында Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар стансасы маңында аңшылыққа шыққан кезде атып өлтіргенін мойындаған. Бұдан бөлек, жемқорлық жасағанын — ҚР ІІМ Тергеу-жедел тобының басшысы Ержан Артықбаевқа ақшалай сыйақы бергенін де мойнына алған. Енді М.Тоқмәдиге 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі «ж», «з» тармақтарында (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен адам өлтіру) қарастырылған қылмыстар жасады деген айып тағылуда.

Сот барысында айыпталушы өзіне тағылған айыптардың бәрі негізді екенін айтып, Ержан Тәтішевті өлтіргендігін толықтай мойындаған болатын.

Дереккөз:  inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.