Шашқа сағыз жабысса…

0 1

Асты жылдам қорыту үшін сағыздың көмегіне жүгіну жақсы, ал сол сағызды шайнаған күйі көзіңіз ілініп кетсе, ол – шатақ. Егер шайнаған сағызыңыз шашқа жабысар болса, ертеңгі таңыңыз сізді жақсы жаңалықпен қарсы алмайтыны анық. Көбіне, мұндай сәтсіз сәттерде бар мәселені қайшының көмегімен шешіп жатамыз. Келте ойланғанның ақыры шаштың да келте болуына әсерін тигізіп жатады. Шашты бүлдірмей, жабысқан сағыздан құтылудың бірнеше тәсілі бар.

Егер сағыз енді жабысқан болса, яғни әлі жұмсақ болған жағдайда тіс щеткасына жержаңғақ пастасын құйып, жабысқан аумақты ысып жіберу керек. Бұл әдістен соң, сағыз жабысқақтығынан айрылып, ери бастайды. Сол уақытта, тарақтың көмегімен сұйықтыққа айналған сағызды шаштан оңай тазалап алуға болады. Тек, осы әрекеттен кейін шашты міндетті түрде бір шайып алыңыз.

Аталған келеңсіз жағдай кезінде қолданылатын ең оңай және ыңғайлы тәсіл – ас үйдегі сұйық майдың көмегімен арылу. Бұл әдіс дәл жоғарыда көрсетілген әрекеттер бойынша жүзеге асады. Сұйық майдан бөлек, жабысқан сағызға майонезді де жағып, жабысқақты ерітуге болады.

Сонымен қатар, дәрі қобдишасында үнемі сақтаулы тұратын вазилин де көмекке келе алады. Жағасыз, ерітесіз, тарайсыз. Сағыз қалдығының орны да қалмайды.

Байқасаңыздар, сағыздың еруіне әсер ететін көбіне өсімдік майлары. Ерітуден бөлек, сағызды қатырып та одан арылуға болады. Мұз түйірлерін жабысқан аймаққа 10-12 минут ұстап тұрсаңыз, қатайған сағызды сындыру да оңай болады.

Сағыздың Халықаралық ассоциациясы келтірген дәйектерге сүйенсек, америкалықтар жылына – 182, британдықтар – 125, немістер – 102, қытайлар – 20 бума сағыз шайнайды екен. Ежелгі Грекияның тұрғындары ауыздан шығатын жағымсыз иістен арылу үшін ағаш ішінен шығатын қарамайды шайнапты. Ал, еуропалықтар XVI ғасырда темекі шайнауды әдетке айналдырған. Бүгінгі сағыздардың алғашқы түрлері XIX ғасырда жасалған.

Сағыздың да тізбектелген өзіндік тарихы бар. Ұлы даланы билеп-төстеген халық үшін бүгінгі сағыздың түп-тамыры – құмсағыз. Ал, тіпті кейбіреулер үшін балғын шақтан санада мәңгі сақталатын сағыз – ол смала.

Дереккөз: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.