Велосипед айдаудың 6 пайдасы

0 81

Жаздың жайма шуақ күнінде велосипедпен серуендеуге болады. Жақын адамдарымызбен көңіл көтеріп қана қоймай, жаңа жерді көру мүмкіндігі туады. Мұнымен қатар, велосипедтің денсаулығымызға тигізер пайдасы көп.

Біріншіден, велосипед – экологиялық таза әрі қолжетімді транспорт. Екіншіден, денеге физикалық ауыртпалықты аз мөлшерде түсіріп, салауатты өмір салтын ұстануға көмектеседі. Қазіргі таңда көп уақытты кеңседе, компьютердің алдында өткіземіз. Таза ауаға сирек шығамыз. Оның үстіне Алматы сынды үлкен қалалардың ауасы лас келеді. Осының салдарынан бойымызға артық салмақ жиып, әлсірейміз. Көңіл-күйіміз түседі. Жаттығу залына баруға уақытымыз немесе ақшамыз жоқ. Алайда уайымдамаңыз. Жаттығу залын велосипедпен алмастыра аласыз.

Велосипед айдаудың 6 пайдасы:

1. Велосипед айдау арқылы күйзелістен арыламыз. Өзіңіз ойлап көріңізші, орман ішінде қыдырып, таза ауамен демалып, айналаңыздағы әсем суреттерге көз салу қандай керемет?! Үйдегі майда-шүйде, бітпейтін тірліктерді ұмытып, сергіп қаламыз. Демалыс күндері отбасымызбен бірге шықсақ болады. Ат жалын тартып мінуді білетін әке-шешеміздің оны оңай үйреніп алатыны анық. Сыр шертісіп, түрлі суретке түсеміз.

2. Велосипед айдау арқылы жүрек пен тамырлардың жұмысы реттеледі. Бастапқыда жүрегіңізге аздап күш түсіресіз де, артынша оған оттегінің көмегімен демалуға мүмкіндік бересіз. Жүректің бұлшық еті жаттығып, шыдамдылығыңыз арта түседі. Алайда асыра сілтеп жібермеңіз.

3. Ағзамыздағы зат алмасу құбылысы жылдам жүреді. Ауа арқылы жұғататын аурулардан сақ боламыз. Өкпеміз ашылады.

4. Аяқты шынықтырып, артық салмақтан арылуға көмектеседі. Егер жүгіруге қиналсаңыз, оны велосипедпен алмастырыңыз. Аяғыңыздың бұлшық еті қатаяды. Мұнымен қатар, теріңіздегі жаралар жазылады.

5. Мұнымен қатар, варикозды емдеуге көмектеседі. Сіз велосипедтің «үзеңгісін» айналдырған сайын қатып қалған қандар тарайды. Әйелдерде ғана болатын ауруларды емдеуге көмектеседі.

6. Велосипед айдау арқылы көзіңіздің көру қабілетін жақсарта аласыз. Күнделікті компьютерге көп уақыт қарап отыратындықтан, көзіміз тез шаршайды. Алысқа қарау мүмкіндігінен айырыламыз. Ал велосипед айдау барысында алыс аймақты да бақылайтындықтан, көзіміздің бұлшық еті демалады.

Егер сіз велосипедті енді ғана айдаған болсаңыз, 20-25 минуттан бастаңыз. Күн сайын 10 минут қосып отырыңыз. Айдау барысында буындарыңыздың немесе бұлшық етіңіздің ауырғанын байқасаңыз, шынығуды біраз уақытқа тоқтата тұрыңыз. Ағзаңызға үйренуге мүмкіндік беріп, артынша қайтадан жалғастырыңыз. Велосипедті тамақ іше салысымен айдамауға кеңес береміз. Өзіңізбен бірге минералды су ала шығуды ұмытпаңыз.

Дереккөз: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.