Жер пайда болғалы өз өсімен айналып келеді. 4,6 миллиард жылға созылған бұл құбылыс Күн қызыл алыпқа айналғанша бола беретіні анық. Сіз ғарыш нысандарының неге айналатыны туралы ойланып көрдіңіз бе? Түсіндіруге тырысайық.
Біздің «үйіміз» жаңа туған Күнді айнала ұшқан шаң мен газ дискісінен түзілген. Шашырап ұшқан тастар, оған қоса шаң бір-біріне жабысып, планетаның пайда болуына әкелген. Жер түзіле бастаған әртүрлі көлемдегі тастар келіп соғылып, оның айналуына себеп болған.
Күн мен Күн жүйесі шаң мен газ өзінің салмағын көтере алмай опырылған сәтте пайда болды. Газдың басым бөлігі Күннің құрамына енсе, қалғаны жаңа туған ғаламшарларды айнала дискіні түзді. Уақыт өте газ бен шаң бірқалыпқа еніп, тұрақты жылдамдықпен айнала ұшады.
Күннің алыптығынан оның маңайындағы планеталар бір бағытқа айналады. Осылайша Күннің күшінен бір тізбекті құралып, Күн жүйесі пайда болды.
Бүгінде кейбір ғаламшарлар өз бетінше айналады. Мысалы, Шолпан өз өсінен кері айналады. Ғалымдар бұл құбылысты Шолпан ғарыш қалдықтарымен соқтығысуымен түсіндіреді. Дегенмен кейбір ғалымдар бұл теориямен келіспейді. 2001 жылы Nature басылымында жарияланған зерттеуде Күннің гравитациясы мен өзге факторлардың арқасында Шолпанның өз өсінен айналу жылдамдығы азайып, кері бағытқа бұрылған.
Астероидтар айналады. Жұлдыздар да айналады. Тіпті, галактикалар да айналады. NASA болжамы бойынша, Күн жүйесі, шамамен, 230 миллион жылдан соң Құс жолын толық айналып шығады. Дегенмен мәңгі ештеңе жоқ. Барлық ғарыш нысандары бір күні «тіршілігін» тоқтатады. Алдымне олардың жылдамдығы азаяды. Мысалы, бастапқы кезде Күн өз өсінен әрбір төртінші күні толық бір айналым жасап отырған. Бүгінге бұл көрсеткіш — 25 тәулікке тең. Ғалымдар Күннің магнит өрісі күн желімен өзара әрекеттескеннің себебінен жылдамдығы төмендейтінін айтады. Бұдан бөлек, Жердің де жылдамдығы азайып келеді. 2016 жылы Proceedings of the Royal Society A басылымында жарияланған зерттеуде осыдан бір ғасыр бұрын Жердің айналу жылдамдығы 1,78 миллисекундқа жылдамырақ болғаны туралы жазылған.