Бурабай курорт аймағында IQanat High School of Burabay пансионат орта мектебінің ашылуына қатысқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жазалануы мүмкін, деп хабарлайды zhambylnews.kz порталы Baq.kz-ке сілтеме беріп.
Бұл туралы Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты.
Өткен демалыста Бурабайда BI Group құрылыс холдингі салған мектептің ашылуы өтті. Оған жүздеген адам қатысқан. Арасында BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мусралимова бар. Әлеуметтік желіде олардың далада түскен суреті тарап кеткен.
Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі комитеттің ресми өкілі Ержан Байтананың айтуынша, қазіргі кезде осы суретке байланысты тексеріс басталған. Өйткені IQanat High School of Burabay орта мектебі мұндай іс-шара өтетіні туралы Ақмолы облысы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі департаменттен рұқсат алмаған.
Тексеру аяқталған соң, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитар дәрігері мен Ақмола облысының санитар дәрігері шығарған қаулының талабын бұзған заңды және жеке тұлғаларға қатысты Әкімшілік кодекстің 425-тармағы бірінші бөліміне қатысты әкімшілік шара қолданылады. Бір айта кетерлігі, адамдар көп жиналған бұл шараны өткізу үшін Бурабайдың Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен рұқсат алынбаған, — дейді Ержан Байтана.
Бүгін Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова тілшілерге берген жауабында бұл жайттан хабары бар екенін жеткізді.
Бұл жайт бізге белгілі. Ол бойынша тиісті шара қабылданады. Заңды тұлғаларды да, жеке тұлғаларды да әкімшілік жауапкершілікке тарту тәртібі бар. Бұл оқиғаға да осы шаралар қолданылатын болады. Яғни, қарастырылып, заңнамаға сәйкес шаралар қолға алынады. Ішінде министрдің де болғанын білеміз. Бізде заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар арасында шектеулер жоқ, — дейді Айжан Есмағамбетова.