Жамбыл облысында «Борышкер-2021» жедел алдын алу іс-шарасы өтті. Шара аясында облыс полицейлері борышкерлерден 30 миллионнан астам теңге өндірді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің тікелей эфирде өткізген брифингінде айтылды, деп хабарлайды “ZhambylNews” АА.
Акцияның «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастырып, салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алудың тиімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
— 2021 жылғы материалдар бойынша өндіріп алынған қаржы 17 миллион 779 мың теңгені құрады. Сот орындаушыларының қаулылары бойынша мамандандырылған тұраққа борышкерлердің 229 автокөлігі орналастырылды, — деді Жамбыл облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Мәмбет Смайылов.
Әкімшілік айыппұл қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 тәулік ішінде төленуге тиіс. Ал айыппұлды төлеу қажеттігі туралы қаулыны ерікті түрде орындау мерзімі өткеннен кейін он күн ішінде ол өңірлік сот орындаушылары палатасына жіберіледі. Олар мүлікке, шоттарға тыйым салады, сондай-ақ шекарадан өтуге шектеу қояды.