Жамбыл облысында биыл 17 білім нысаны күрделі жөндеуден өтуде

0 14

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте білім беру нысандарының құрылысы, күрделі жөндеу, қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің айтуынша, ағымдағы жылы 17 білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына 4,4 млрд. теңге қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүруде.

Бүгінгі күні 1 мектеп-интернаттың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталса, 6 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың
1 қыркүйегіне дейін аяқтау үшін жұмыс қарқынын күшейту бойынша мердігерлермен жұмыстар жүзеге асуда.

Сондай-ақ, басқарма басшысы балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына айрықша тоқталып, мемлекеттік 690 білім беру ұйымы 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылғанын атап өтті.

Ал құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков өз баяндамасында ағымдағы жылы «Жайлы мектептерді» қоспағанда 18 білім нысанының құрылысы жүріп жатқандығын жеткізді. Оның ішінде 10 жаңа мектеп, 8 жапсарлас құрылыс бар десек, 14 нысанды биыл пайдалануға тапсыру жоспарлануда.

Облыс әкімі мерзімінен кешігіп жатқан жөндеу және құрылыстар бойынша Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінен жеке-жеке жауаптар алды.

— Мектептердің құрылысын жоспарға сәйкес жаңа оқу жылына дейін аяқтау үшін бар күшті жұмсау қажет. Ол үшін жұмыс күшін арттыру маңызды. Дегенмен, сапаны қатаң бақылауда ұстау керек,-дей келе Нұржан Нұржігітов оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да барлық шаралар қабылдану қажеттігін ескертті.

Басқосу барысында «Мектепке жол» акциясының жүзеге асуы, білім қызметкерлерінің Тамыз конференциясын өткізу бойынша дайындық мәселелері де талқыланды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес, жиында өңірдегі көкөністердің бағаларын тұрақтандыру жайы да қаралды.

Аймақ басшысы өнімдерді алқап басынан дүкендерге делдалсыз жеткізу бойынша былтыр басталған жұмыстарды жалғыстыруға қатысты нақты міндеттер жүктеді. Жиын-терін маусымы кезінде тұрғындарға бағаның қолжетімділігін барынша қамтамасыз ету керектігін баса айтты.

 

 

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.