Жамбыл облысында мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының жаңа ғимараты пайдалануға берілді
Жамбыл облысында мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының жаңа ғимараты пайдалануға берілді, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Шара Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастамасымен өңірдегі әлеуметтік қызмет көрсетудің сапасын арттыру мақсатында қолға алынған.
Күрделі жөндеуден өткен 3 қабатты ғимаратта сенсорлық бөлме, мантессори кабинеті және дефектолог, логопед мамандары сабақ өткізетін 3 оқу бөлмелері бар.
Сондай-ақ, медициналық блок, емдік дене шынықтыру, уақалау бөлмесі, оқшаулау, физиоемдеу, стерилизациялау және дәрігерлер мен емшара бөлмелерімен де қамтылған. Бұған қоса, қызмет алушы балаларға арналған салтанатты іс- шаралар өткізетін музыка залы жұмыс істейді.
Мекемеде мектепке дейінгі жастағы 44 бала 4 топқа бөлінген. Қызмет алушы балалар үшін ойын, шешіну, ұйықтайтын бөлмелер қарастырылған. Мектеп жасындағы 24 жеткіншек үшін арнайы еңбек баулу және ойын бөлмелері бар.
Ал, бірінші және үшінші қабаттарда балалардың 2 мезгіл тамақтануы үшін асхана орналасқан. Сонымен қатар олардың жүріп, тұруына ыңғайластырылған лифт жұмыс істейді.
Ғимараттың қабырғалары арнайы көркем суретшілердің салған туындыларымен әсемделген. Ұйықтайтын және ойын ойнауға арналған бөлмелер қызмет алушыларға қолайлы әрі жаңа жиһаздармен жабдықталған. Ғимараттың аумағында 5 ойын алаңы орналастырылған.
Сондай- ақ орталыққа арнайы оңалту жұмыстарына қажетті ортопедиялық столдар, вертикализаторлар, үлкен құрғақ бассейн, «Фаэтон», «Гравистат» секілді арнай нейротерапиялық костюмдер, физиотерапиялық жабдықтар және микрополляризациялар орнатылған.
Жаңа ғимараттың ашылуына орай қызметалушылар саны 40 баладан, 68 ге көбейіп, қосымша 28 жаңа қызметкер жұмыспен қамтылған.
Салтанатты шара соңында Жамбыл облыстық мүгедек балаларды оңалту орталығының директоры Марал Шлыкова келген қонақтарға орталық ғимаратты таныстырып, экскурсия өткізді.