Оқушылардың 80,2 пайызы қосымша біліммен қамтылған

0 13

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жиында әлеуметтік саланың даму барысы қаралды. Осы салаға жауапты басқарма басшылары бүгінге дейін салада атқарылған жұмыс барысымен таныстыра келіп, шешімін таппаған мәселелерге де тоқталып өтті.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, жыл соңына дейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 54 156 адамды қамту жоспарланған.
Жоспар бүгінгі таңда 80,2 пайызға орындалған.

Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» жөніндегі тапсырмасына сәйкес биыл аймақта 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жоспар асыра орындалды. Бүгінгі таңда 14 059 жұмыс орны ашылды.

Сондай-ақ, басқарма басшысы «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақ келісімшарты», «Күміс жас» жобаларының жүзеге асырылу нәтижелері туралы баяндады.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 378 жас кәсіпкерге 1 730 миллион теңге шағын несие берілген. Бүгінге дейін кәсіп ашуға ниетті 525 азаматқа 724,2 миллион теңгенің қайтарымсыз гранты табысталған.

– Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек мұқтаж жандарға жетуі керек. Бұл тұрғыда бақылау мен үйлестірудің жүйелі түрде жүргізілуі маңызды, – деді Ербол Қарашөкеев.

Бұдан кейін облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек аймақтағы мектептердің бүгінгі жайынан хабардар етті. Оның айтуынша, өңірде 25 мектептің құрылысы басталған, оның 14-нің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Ал, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі облыста 94,2 пайызды, 3 пен 6 жас аралығындағыларды қамту 100 пайызды құраған. Бұдан бөлек, мектептерде білім алып жатқан оқушылардың 80,2 пайызы қосымша біліммен қамтылған.
Басқарма басшысының сөзінше, білім мекемелерінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, ондағы бейнекамералар полиция басқармасының жедел басқару орталықтарына қосылған.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова болса облыста 389 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істеп тұрғанын айтты. Оның айтуынша, биыл республикалық бюджеттен 2500 грант бөлінсе, 2024-2026 жылдары 90 маман жұмысқа қабылданбақ. Сонымен қатар, биыл 20 денсаулық сақтау нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 18-нің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Ал, облыс бойынша медициналық техникамен қамтамасыз ету 92 пайызды құраған.

Жиын соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тиісті басқармаларға алда атқарылуы тиісті міндеттер мен нақты тапсырмалар берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.