Белсенді кәсіподақ мүшелері марапатталды

0 2

10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күніне орай өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен кездесу барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіподақтар Федерациясы республика бойынша екі миллионға жуық мүшесі бар ірі қоғамдық бірлестік болып табылатынын атап өтті. Ал, Жамбыл облысында 123 мыңнан астам адам 1398 бастауыш кәсіподақ ұйымына топтасқан , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

— Ағымдағы жылдың 7 айында өңірде жаңадан 28 бастауыш кәсіподақ үйымдары құрылып, кәсіподақ мүшелерінің саны 2112 адамға артты. Кәсіподақтардың басты міндеті – еңбекшілердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау болып қала береді, — деп атап өтті өңір басшысы.

Әлеуметтік әріптестік тараптары арасында биылғы облыстық үшжақты келісімге қол қойылып, оны жүзеге асыру бойынша нақты жұмыстар атқарылуда. Жаңа келісімде барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда кәсіподақ ұйымдарын құруға ықпал ету, ұжымдық-шарттық қатынастар жүйесімен қамтылған кәсіпорындардың үлес салмағын 2023 жылға қарай 98,3 пайызға дейін ұлғайту, өндірістік процестерді тұрақтандыру, жұмыс орындарын сақтау және жұмыспен қамту мәселелері бойынша меморандум қабылданған кәсіпорындар санын 100 пайызға жеткізу мақсаттары көзделген.

Жыл басынан  бері облыста үшжақты комиссиялардың 59 отырысы өткізілген. Басқосуларда өңірдегі жалақы қарыздарына жол бермеу, еңбек қауіпсіздігін сақтау, ұжымдық шартпен қамтылу, жалақы мөлшерін арттыру сияқты мәселелер кәсіподақ өкілдерінің басты назарында.

41 кәсіпорындағы 20 мыңға жуық жұмысшының жалақысы 26 пайызға өсті. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша облыстағы орташа жалақы көрсеткіші алғаш рет 200 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артты. Бұл біріншіден Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бюджеттік мекемелердегі қызметкерлердің айлығын көтерілу есебінен жүзеге асса, екіншіден біздер мен сіздердің бірлескен жұмыстарымыздың нәтижесі.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дегендей, біз осы бағыттағы ұйымдасқан шараларды жалғастыра беруге тиіспіз. Жыл басынан бергі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері оң бағаланып жатса, онда сіздердің де үлестеріңіз орасан. Сондықтан кәсіби мерекелеріңіз қарсаңында жемісті жұмыстарыңызға үлкен рақмет айтып, табыс, құт-береке тілеймін,- деді облыс әкімі.

Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, облыс басшылығының қолдауын  айрықша атап өтті.

Бұдан соң Бердібек Сапарбаев кәсіподақтар қызметінің маңыздылығын тілге тиек етіп, бірқатар белсенді кәсіподақ мүшелерін облыс әкімінің және облыстың Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.