Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес Жамбыл облысының аумағында Жамбыл облысының әкімі басқаратын өңірлік жедел штабтың бірлескен «Шекара-Антитеррор-2021» облыстық жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара терроризмге қарсы күрес жөніндегі Жамбыл облыстық жедел штабтың күш-құрылымдарының террористердің шекараны бұзу қаупіне дайындығын арттыру, барлық мемлекеттік органдардың бірлескен жұмыстарын күшейту, бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеу мақсатына негізделді. Сондай-ақ, өңірлік жедел штаб дағдарыстық ахуалдарды еңсеру бойынша міндеттерді саралады.
Босқындардың Қазақстан шекарасы арқылы жаппай өтуіне байланысты әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде өзара әрекеттесу дағдылары пысықталды.
Бағдарлама бойынша оқу-жаттығу мемлекеттік шекарадағы бұзушылық, босқындарды қабылдау және орналастыру, террорлық шабуылдың жолын кесу секілді үш кезеңде өрбіді.
Барлық органдардың үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында жаттығулардың мақсат-міндеттері толығымен орындалды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, облыстық полиция, төтенше жағдайлар департаменттерінің, жергілікті атқарушы органның бірлесіп ұйымдастырған шараға барлығы 300 адам, 40 бірлік техника жұмылдырылды.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев оқу-жаттығу барысында террористік қатерлердің алдын алу бойынша өзара әрекеттердің жоғары деңгейде орындалғанын атап өтті.
— Халықаралық жағдайлар күрделене түскен шақта шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауда ұстап, жауынгерлік әзірлікте болу қажет. Біздің облыс шекаралас аймаққа жатады.
Ел басшылығының тапсырмаларына сәйкес өткізу пункттерінің материалдық-техникалық базасын күшейту, әскери қызметшілердің санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Отан шекараларын берік күзету және қорғау – республиканың тұтастығының, оның аумағындағы бейбітшілік пен тыныштықтың кепілі.
Мемлекеттік және құқық қорғау органдары тығыз ынтымақтастықта болып, қоғамның террористік қатерлерден қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жетілдіре түсуі тиіс. Ең бастысы – әрқашан сергек және жоғары дайындық керек. Бұл ретте қызметкерлер, ең алдымен, қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз ету, халықты уақытылы ақпараттандырудың маңыздылығын ұмытпауы керек, — деп атап өтті аймақ басшысы.
— Жедел-тактикалық оқу-жаттығулары босқындардың мемлекеттік аумақ арқылы жаппай көшуі жағдайындағы әрекеттерге дайындық үшін өткізіледі. Олардың шекара арқылы жаппай өтуіне байланысты тиісті іс-қимылдар, шатырлы қалашық пен басқа да нысандарды орналастыру бойынша шаралар жүргізілді, — деді Жамбыл облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Шариев.