Тұрар Рысқұлов ауданындағы тұқым тазалайтын зауыт — оңтүстік өңірдегі бірегей жоба

0 3

Өңірлік коммуникациялар қызметінің Тұрар Рысқұлов ауданына ұйымдастырған баспасөз туры барысында журналистер тобы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысандарды аралады , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Сұлутөр» Кұлан мәдениет үйін қайта жаңғыртуға 67 млн 703 мың тенге бөлінген екен. Мердігер «Алира сервиз компани» ЖШС шатырын жауып, сыртқы жұмыстарын толық бітірген. Қазіргі таңда кинозалға орындықтарды қою, жарықтандыру, кинопроектор қою жұмыстары жүріп жатыр.

 «Жөндеу жұмыстары 28-шілде күні басталды, жергілікті 10 тұрғын жұмыс істеп жатыр. Нысан қарашаның соңына дейін пайдалануға берілу керек», — деп түсіндірді аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев.

Тілшілердің сапары аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықтағы Бәйтелі ауылында орналасқан «Қайнар-Агро» ЖШС-ның жоғары репродукциялы тұқым тазалау зауытында жалғасты. Мұнда құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталған. Нысанды тұрғызуға 320 млн теңге жұмсалса, кәсіпкер оның 256 млн теңгесін несиеге алыпты.

«Зауыттың қуаттылығы жылына 3 000 тоннаны құрайтын болса, сағатына 14 тонна тұқымды тазалап үлгереді. Әзірге 20 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, ал маусым кезінде 80 азаматқа дейін тартатын боламыз. Олардың орташа айлық жалақылары 75-80 мың теңгенің шамасында. Қазіргі біз оңтүстік өңірдегі бірегей зауыт болып тұрмыз. Мұнда құрылғылардың үш түрі орналасқан. Бұл құрылғылар арқылы тұқымды жоғары деңгейде тазалап, сапалылығын арттыра түсеміз», — деді зауыттың директоры Асхат Дүйсебаев.

Маманның сөзінен ұққанымыз, нысан іске кіріскелі екі ай ішінде тұтынушылардың көп екеніне көз жеткізген. Зауытта тұқымның кез келген түрі тазаланады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.