Жамбыл облысында «Үздік ауыл әкімі» марапатталды. Конкурстың негізгі мақсаты – жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық елді мекендердің дамуына елеулі үлес қосқан, сондай-ақ, халықпен белсенді ашық жұмыс жүргізетін үздік ауыл әкімдерін анықтау және ынталандыру , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Конкурсқа құжаттар 2021 жылдың 25 маусымынан бастап 10 шілдеге (қоса есептегенде) дейін қабылданды.
Байқау екі негізгі кезеңді қамтыды:
I кезең-өңірлік деңгей (облыстық деңгей);
II кезең-республикалық деңгей.
Байқау нәтижелері 2021 жылдың 15 қазанында белгілі болды.
Конкурстың ІІ кезеңіне қатысу үшін еліміздің он төрт облысынан жүзден астам ауылдық округ әкімдері өтінім берген. Облыстардың арасында Түркістан облысынан – 21 әкім, Батыс Қазақстан облысынан – 15 әкім және Жамбыл облысынан – 14 әкім конкурсқа өтінім беріп, белсенділік танытты.
Алайда, үздік атануға ат салысқан үміткерлер арасында Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Шежін ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбыл өңірлік және республикалық деңгейлерде ең көп балл жинап, көзге түсті.
Конкурс нәтижесі бойынша екінші орынды Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Полатқосшы ауылдық округінің әкімі Ержан Данаев және Түркістан облысы Төлеби ауданы Жоғарғы Ақсу ауылдық округінің әкімі Абдикадир Сикимбаев бөліссе, үшінші орынды Павлодар облысы Железин ауданы Башмачин ауылдық округінің әкімі Меруерт Мадагулова мен Алматы облысы Панфилов ауданы Айдарлы ауылдық округінің әкімі Айдар Исаев өзара бөлісті.
Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев конкурсқа қатысуда белсенділік таныта отырып, көрсеткен жоғары кәсібилігінің арқасында 2-ші орын иеленген Ержан Данаевты құттықтап, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының грамотасын және облыс әкімінің Алғыс хат табыстады.