Жамбыл облысында студенттер лимон өсіріп, өнімін жинауда , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
2019 жылы Қордай ауданындағы №7 Бетқайнар колледжінің ұжымы жылыжай салып, лимон өсіруді қолға алған. Енді таңсық жемістің өнімі жиналып, облыс орталығында өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкесіне сатылымға жіберілмек. Бір қызығы, лимон ағаштарының бір жағы гүлдеп жатса, бір жағы өнім салып жатады. Көшеттер Өзбекістаннан әкелінген, шырынды және дәмді өнім беретін жақсы сұрыптары таңдалған. Жылыжайдың ауданы бойынша құбырлар тартылған, себебі қыста лимондарға арнайы температура қажет.
Жылыжай колледж директоры Гүлнар Әлімбаеваның бастамасымен іске қосылыпты. Білім беру мекемесінде жеміс-көкөніс өсіруші мамандығы бар, студенттердің білімдерін жетілдіруге барлық жағдай жасалған. Ауданы 224 шаршы метрді құрайтын жылыжайда жылыту, сумен қамту жүйелері бар, ондағы жұмыс жыл бойы жалғаса береді. Жылыжай күн сәулесі түсіп, жылу ұстайтын полиэтиленмен жабылған.
Ерте көктемнен бастап, бір жыл бойы білімгерлер агроном Қуаныш Жақсылықовтың қадағалауымен әрбір көшет пен өсімдікке күтім жасайды.
«Жылыжай зертхана сыңайлы, мұнда студенттер фермерлік шаруашылықтың қыр-сырын үйренеді, жеміс пен көкөністерді қандай жағдайда өсіру қажет екенін біледі. Студенттерге бұл істі қалай жүргізу қажеттігін үйретеміз. Жылыжайда оқытудың мақсаты – еңбек тәрбиесі және оқушыларды кәсіби бағдарлау», — деді Қ.Жақсылықов.
Колледж басшылығы жылыжайдағы тәжірибелік сабақтар оқу материалын оңай игеруге көмектеседі деп санайды. Балалар экологияға қызуғышылық танытып, жылыжайдағы ғана емес, мектептен тыс өсімдіктерге де көзқарасы өзгерген. Жылыжайда суғару, артық бұтақтарды кесу, жабайы шөптен қорғау, температуралық режим мен жарықтандыруды бақылау сынды жұмыс жүргізіледі.
«Өз қолымен лимон өсіріп, еңбегіңнің жемісін көруге не жетсін. Осындай жобалар оқушылардың сабаққа ынтасын тудырып, бос уақытты тиімді әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік береді», — дейді 3-курс білімгері Мадина Сақыпова.
Колледжде жылыжайдан басқа өзінің бау-бақшасы бар. Студенттер қыанақ пен қияр өсіреді. Алынған өнім асханада тамақтанатын студенттердің рационына енгізілген, өнімнің бір бөлігі консервіленсе, бір бөлігі қайырымдылық көмек ретінде қарттар мен аз қамтылған отбасыларға таратылады. Еңбегінің жемісін көрген студенттер басқа да өсімдіктер мен көкөніс отырғызуға ниетті.