Жамбыл облысында «Қоғамдық қабылдау» тобы құрылды

0 28

Мемлекет басшысының жергілікті биліктің халықпен кері байланысын нығайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында жаңа «Қоғамдық қабылдау» тобы құрылды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Топ құрамына 28 адам енген десек, олардың қатарында еңбек ардагерлері, зиялы қауым, БАҚ, этномәдени бірлестіктер өкілдері, депутаттар, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері бар.

Облыс әкімдігінде өткен кездесуде аймақ басшысы жұмыс тобының мүшелеріне сәттілік тілеп, аудандар мен Тараз қаласының әкімдіктері, басқармалар мен департаменттер оларға жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.

— Қазір облысымызда қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Қаңтардағы оқиғалардан кейін облыс аудандарына жұмыс топтары аттанды, олар тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, тұрғындардың өтініштері мен тілектерін тыңдайды, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелергпе назар аударады. Біз болған оқиғаның себептерін анықтап, болашақта мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау маңызды, — деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелер туралы дер кезінде хабардар боп отыру үшін маңызды екенін атап өтті.

— Ел Президенті Қасым — Жомарт Тоқаев өз Жолдауында басты мақсат – азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел әрі тиімді жауап беру екенін баса айтты. Билік пен қоғамның тұрақты диалогы арқылы ғана үйлесімді мемлекет құруға болады. Мемлекет басшысы өзекті жалпымемлекеттік міндеттерді талқылауға азаматтық қоғамды барынша тартуды тапсырды.

Жергілікті биліктің халықпен байланысын нығайту мақсатында Қоғамдық қабылдау бөлмесі құрылды. Топтың барлық мүшелері өз саласының кәсіби мамандары. Бірлескен күш-жігерімізбен өзекті мәселелерді жедел шешетін боламыз. Біздің ортақ мақсатымыз – халықтың билікке және жалпы мемлекетке деген сенімін арттыру, — деді облыс әкімі.

Топ мүшелері түйінді түйткілдерді анықтау үшін аудандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездеседі. Облыс әкімі Мемлекеттік органдар жұмыс тобына қажетті ақпаратты уақытылы беріп отыру керектігін ескертті.

— Бүгін біз тәрбиенің ұлттық бастауы мен қағидаттарынан негіз алып, жастардың күш-жігерін жасампаз арнаға бағыттауымыз керек. Бұл барлық кездесулердің өзегіне айналуы тиіс. Жастар – біздің болашағымыз, — деп түйіндеді облыс әкімі.

Топ мүшелерінің ортақ шешімімен Қоғамдық қабылдаудың меңгерушісі болып «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ филиалының басшысы Қасымхан Төлендиев сайланды.

Жиын барысында Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махметғали Сарыбеков, Қазақстан Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, «АРСМИ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанна Мамашева да өз ойларын ортаға салды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.