Жамбыл облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес суармалы су мәселесін шешу, қолда бар ресурстарды тиімді пайдалануға айрықша назар аударылуда. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ, Жамбыл аудандарында болып, су жүйелерінің жай-күйімен, каналдарды жөндеу жұмыстарымен танысты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен аймақ басшысы Байзақ ауданындағы Сеңкібай, Өтеміс каналдарындағы қалыпқа келтіру жұмыстарының барысын көрді. 28 шақырымды құрайтын Сеңкібай каналы арқылы 4 мың гектардан астам алқап суарылады. 35 шақырымдық Өтеміс каналымен 5131 гектар аумақ ылғалмен қамтылады.
Бердібек Сапарбаев аталған каналдардағы бетон, плиталардың сапасын, оларды орнатудағы кемшіліктерді сынға алып, ауыстыру керектігін жеткізді. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттамаларға өзгеріс енгізу бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
«Ақжол», «Сарыбұлақ» көлдеріне бүгінгі таңда 80 пайыз ылғал жиналған.
— Ең басты мәселе – каналдардың тазаланбауы. Талай жылдан бері қараусыз қалып, қамыс басып кеткен каналдар арқылы судың жүруі қиын.
Біз үшін әрбір күн маңызды. Қазірден бастап судың керекті мөлшерін жинап алу керек. Вегативті кезеңде қолда бар ылғалды үнемдеп, кесте бойынша кезекпен пайдалану қажет,-деді Б. Сапарбаев.
Райс каналындағы жұмыстармен танысқан аймақ басшысы, жобалаудағы кеткен кемшіліктердің салдарынан жөндеу жұмыстарының сын көтермейтініне көз жеткізді. Судың тиісті ағын мөлшері ескерілмей жасалған жобалаудан соң төселген бетон-тақтайшалар қазірден ауытқып кетуде.
Облыс әкімі «Казюжгидроводстройпроект» ЖШС техникалық директоры Асанхан Мамажановтың жұмысын қатаң сыңға алды. Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін кеткен кемшіліктер толығымен реттеліп, жобалаудағыдай секундына 2 текше метр емес, 3,5 текше метр судың ағуы тиіс екендігін ескертті.
Бердібек Сапарбаев Бөгеткөл су қоймасының да жағдайын тексерді.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы шаруалармен де кездесіп, көктемгі дала жұмыстарына қазірден дайындалу керектігін атап өтті.
Былтырғы жайттардан сабақ алып, мал азығының қажетті қорын жинақтау, әсіресе, жүгері, жоңышқа егуге ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді.