«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының еліміздегі агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің бизнесін техникалық және технологиялық жаңғырту мақсатында құрылғанына 25 жыл толды. Осы уақыт аралығында «ҚазАгроҚаржы» 1,5 триллион теңге көлеміндегі сомаға 86 мың бірліктен астам техниканы лизингке берген. Осыған дейін де фермерлерге көрсетіліп келген қолдауды 25 жылдықтың белесінде жаңғырта түсті. «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жумжаев облысқа арнайы келіп, егістік алқапқа барып, шаруалармен кездесті. Фермерлердің талап-тілектерін тыңдап, сұрақтарына жауап беріп, ашық сұхбаттасты.
Төраға орынбасары Еркебұлан Ерланұлының айтуынша, акционерлік қоғам бүгінге дейін 1,6 триллион теңгеге инвестиция жасаған.
– Осы 25 жыл ішінде тек Жамбыл облысына 36 миллиард теңгеге инвестиция жасалып, 3 мыңға жуық техника берілді. Биыл республика бойынша 250 миллиард теңгеге техниканы лизингке беруге жоспарлап отырмыз. Осы соманың жартысына, яғни 126 миллиард теңгеге қазіргі таңда техника берілді. Ал, Жамбыл облысына биыл 7 миллиард 100 миллион теңгеге техника беру жоспарланған, оның 50 пайызы бүгінде орындалып, техника таратылды, – дейді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев.
Облыстағы 7 шаруа қожалық біріккен «Aspan Агрохолдингі» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы да «ҚазАгроҚаржы»-дан қолдау тауып отырғандардың бірі. Корпорация төрағасы Саха Манатовтың айтуынша тиісті құжаттарды жинау біраз уақыт алатын көрінеді.
– Біздің кооперативтегі шаруалар негізінен жүгері, қант қызылшасын, майбұршақ (соя), жоңышқа, бұршақ (фасоль), арпа, бидай өсіреді. Өнімдерді өткізуде де мәселе жоқ, мысалы жүгері Шу ауданында салынып жатқан зауытқа өткізуге дайындалып жатыр. Қызылшаны Меркі ауданындағы қант зауытына өткізсек, арпа-бидай өзіміздің тұтынуымызға қалады. Биыл алғаш рет еккен бұршақты қытайлар алып кетпекші, майбұршақты да алушыны қарастырып жатырмыз. Өткен жылы қант қызылшасын өткізуден мәселе туындаған, сондықтан биыл балама ретінде дақылдар өсіруді қолға алғанбыз, бұршақ пен майбұршақты сол үшін биыл алғаш рет ектік. Бұлардың барлығын түркиялық фирмадан әкелінген Atlants жаңбырлатып суару техникасымен суғарамыз. Тыңайтқыштарды да суға араластырып, береміз. Биыл бидайды 33 центнерден алдық. Суғармалы алқаптардан өнімді ойдағыдай аламыз деп күтіп отырмыз, қазір жағдайы жаман емес, себебі ол алқаптар жерасты суынан суғарылып отыр. Мәселе ағын суда, сондықтан тәлімдік жерлерден өнім алу қиындау болып тұр. Қажетті техниканың бәрін «ҚазАгроҚаржы»-дан алдық. Былтыр 100 миллионға алғанбыз, биыл 400 миллион теңгеге техника алу жоспарда бар. Негізі біз 2007 жылы 3 трактордан бастағанбыз, одан кейін 120 миллион теңгеге жылыжай алдық, осылай басталған болатын. «ҚазАгроҚаржы»-ның шаруаларға көрсетер қызметі де, қолдауы да жақсы, бірақ құжат жинау қиындау, бір айға дейін созылады. Қазір акционерлік қоғамнан келген басшыға осы мәселені айттық. Қазір цифрландыру уақыты, жинайтын құжаттарды да оңайлатса қолымыз ұзарып қалар еді. «ҚазАгроҚаржы»-дан келген басшылар бұл мәселенің оңтайлы шешілуін қарастырамыз деді, осы мәселе жеңілдетілсе барлық шаруалар үшін тиімді болар еді, – дейді «Aspan Агрохолдингі» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Саха Ұзақұлы.
Шаруалардың мәселесі оңтайлы шешіліп, «ҚазАгроҚаржы» фермерлерді қолдауын жандандырады деген сенім мол.
Қамар Қарасаева