ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ӘДЕП ИНСТИТУТЫН 12 МЕМҚЫЗМЕТШІ ЖҮРГІЗЕДІ

0 31

Жамбыл облысында әдеп жөніндегі уәкіл институтын 12 мемлекеттік қызметші жүргізеді. Олардың 11-і бұл функцияны қосымша атқарады. Жалпы өткен жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу фактісі 2020 жылмен салыстырғанда 36,4 %-ға төмендеген. Әдеп нормаларын бұзу деректерінің себебіне талдау жүргізіліп, орын алған кемшіліктерді болдырмауға ықпал ету шаралары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Жамбыл облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Елдос Бекпатшаев айтты , деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Ол былтыр заңнамалар мен Әдеп кодексі талаптарын сақтау мәселелері бойынша 550 жеке консультативтік көмек көрсетілгенін де мәлімдеді. Сонымен қатар 397 түсіндірме жұмыстары жасалған.

«2021 жылы 3865 мемлекеттік қызметшінің қатысуымен моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне сауалнама жүргізілді. Олардың 86,1 % еңбек ұжымындағы ахуалдың ұнайтынын көрсетті. Сол сияқты, қызметкерлердің 92,2 % тікелей басшылығына сенетінін жеткізді. Тағы айта кетерлігі, әлеуметтік желілерде беймезгіл уақытта басшылардың қызметтік автокөліктерді пайдалану мәселесі көрініс табуда. Осы орайда, Тараз қаласы, Мойынқұм, Байзақ, Т.Рысқұлов, Талас аудандарында әдеп талаптарын сақтамағаны үшін 7 мемлекеттік қызметші жауапкершілікке тартылды», — деді Елдос Сайлауұлы.

Ол мемлекеттік қызметшілердің басшыларынан бастап қарапайым қызметшілерге дейін, жұмыстағы не жұмыстан тыс уақыттағы мінез-құлқы мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс екенін атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.