«Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев облыс орталығынан бөбекжай ашты

0 25

Қазақ күресінен әлем чемпионы, үш дүркін «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев облыс орталығынан 200 орындық бөбекжай ашып, үлкен іске бастамашы болды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Қазақстан барысы» салып берген «Барыс» бөбекжайы екі қабатты еңселі ғимаратта орналасқан.

Аталған балабақша меңгерушісі, ҚР Білім беру ісінің үздігі Айша Ниязбекова мұнда 1 жастағы бөбектер тобынан бастап, 6 жастағы мектепалды даярлық тобына дейін қабылдана беретінін айтты. Әзірге 50-ге жуық бала 4 топ бойынша қабылданып, жұмыс басталып кетіпті. Негізі, ғимарат 200 орынға арналған. Мұнда бүлдіршіндерге қажетті жағдайдың барлығы жасалған.

Сондай-ақ, болашақта мұнда 8 топ жасақталып, 35 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Қазірдің өзінде бұл мекемеде 15-ке жуық адам еңбек етеді.

«Топтардың аты да ерекше, қазақы. «Еркетай», «Жұлдыз», «Айгөлек» деп аталады. Балабақшадағы Нұрқанат, Ерқанат, Ерсұлтан Мадияр атты бұл бөбектер бір үйдің балалары. Бір отбасының бірнеше баласы осы жерде тәрбиеленуде. Оларға арнайы жеңілдіктер бар. Ал өзім Жамбыл гуманитарлық колледжін тәрбиеші мамандығы бойынша бітіргенмін. Бір жыл мамандығым бойынша орын табылмай, басқа жұмыстарда жүрдім. Бұл бөбекжай бақшасының ашылуының нәтижесінде жұмыс тауып отырмын. Балалармен жұмыс жүргізу көңілді» ,- дейді тәрбиеші Нұргүл Шекербек.

Ал мейірбике Жанар Әбдіхалықова осында облыстық ауруханадағы жұмысынан ауысыпты. Ол жалақыдан сәл айырмашылық болғанымен, бұл жақта бірыңғай, жүйелі жұмыс екенін айтты.

Бөбекжайдың асхана, мәжіліс залы, үйірме залдары да көз тартады. Кең, заман талабына сай. Төсек орын, ыдыс аяқ, қажеттіліктің бәрі жеткілікті. Мұнда тәулігіне 5 мезгіл тамақ беріледі. Күніне бір балаға жұмсалатын тамақтың шығыны 10 мың теңге көлемінде.

Бұл бөбекжай  барынша ойланып, барлық талапқа сай ашып отырмыз. Құрылтайшы Бейбіт Ыстыбаев та сапаға мән берді. Осында ағылшын тілі, хореграфия (би), күрес, таэквандо, гимнастика үйірмелерін ашуды жоспарлап отырмыз. Өмірге бейімдеу сабағын да өткіземіз. Жоғары топтарға 15 минуттық сабақтар жүреді. Алдағы уақытта балабақша ауласына түрлі талдар мен гүлдер егіп, абаттандырамыз. Бізге келетін балаларға барлық жағдайды жасап отырмыз, — дейді аталған мекеменің меңгерушісі Айша Бердешқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.