Қазақтың ұлық мерекесі – 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні. Бүгін азат қазақ елінің ең қастерлі де киелі құндылығы – ел Тәуелсіздігіне 28 жыл толды. Бүгін — Тәуелсіздік күні! Осыдан тура 28 жыл бұрын Қазақстан оңаша отау тігіп, егемен ел атанды. Дәл осы күні президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы құжатқа қол қойды.
Бұдан кейін әлем картасында Қазақстан атты жаңа тұрпатты жасампаз мемлекет пайда болды. 28 жыл — тарих үшін соншалықты зор кезең болмағанымен, осы жылдар ішінде ғасырларға бергісіз қыруар істер атқарылды. Экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, оның ішінде жаһандық өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымын паш ете алатын егемен мемлекет бола алатынымызды барлық қырынан айқындап, мойындаттық. Халықаралық бастамалармен бірге, әлемдік деңгейдегі іс шараларды, дүниелік, адамзаттық маңызды форумдарды да жоғары деңгейде ұйымдастыратын жұрт екенімізді таныттық.
Ал, түптеп келгенде, бұның барлығы дербестіктің, Тәуелсіздігіміздің арқасы.