Тараз қаласында облыстық қазақ драма театрының алдынан Асқар Тоқпановтың ескерткіші бой көтерді

0 28

Жамбыл облысы- Қазақ хандығының туы тігілген өңір десек, Тараз- тарихымыздың темірқазығы. Құрылғанына 80 жыл толған Жамбыл облысы бүгінде мәдениет пен руханияттың ордасына айналды. Мерейлі мереке қарсаңында облыс орталығында керемет ғимараттар мен рухани кешендер ашылмақ. Жөні ерек, форматы бөлек бүгінгі мерейтой кәсіби режиссер, халық әртісі Асқар Тоқпановтың ескерткішінің ашылуымен бастау алды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Ескерткіштің лентасын КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен  Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Асқар Тоқпановтың шәкірті, Қазақстанның Халық әртісі  Тұңғышбай Жаманқұлов қиды. Олар тұлға туралы есті естеліктері мен тағылымды ойларын ортаға салып, А.Тоқпановтың ескерткішінің  облыстық театр алдынан ашылып отырғанын өте орынды шешім болғанын баса айтты.

-Бауырлар бүгін үлкен той. Тойларың құтты болсын. Бүгін менің қайта туған күнім сияқты. Бүгін менің ұлы ұстазым осы өнерге жетектеп алып келген Асекеңнің үлкен ескерткішінің ашылуына жиналып отырмыз. Асекең туралы мен сағаттап, күндеп айта беруіме болады. Өйткені Асекеңнің дәріс алдым, осы өнерге алғашқы алып келген ұстазым еді.  Оның өнерін қуғаныма қуанам. Экраннан, сахнадан жақсы бейнелер жасап өмірге қайта туалам. Қазақтың кең байтақ жеріне қуанамын. Тас түскен көңілімді таза ауамен жуа алам. Басыма қаншама қайғы қасірет түспесін белімді бекем буа алам, — деді Асанәлі Әшімов.

Сондай-ақ шара барысында Асқар Тоқпановтың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі «Тоқпанов тұлғасы» атты естелік кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Қонақтар үшін А.Тоқпановтың қызмет жолы, еңбектері, наградалары, шәкірттері жайлы фотостенд ұйымдастырылып,  тұлға туралы деректі фильм көрсетілді.

Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облыстық қазақ драма театрына қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, халық әртісі Асқар Тоқпановтың есімін беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Республикалық ономастикалық комиссиядан қолдау тапқан бұл ұсыныс  бойынша қазір Үкімет қаулысының жобасы дайындалуда.

Облыс театрына тұлғаның есімін беру — өнерсүйер қауымның көптен бергі арман-тілегі болатын. Өйткені  қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға өз еңбек жолында Жамбыл облыстық қазақ театрында да елеулі еңбек еткен. Көптеген қойылымдар сахналап, шәкірттер тәрбиелеген.

Бұл ұсынысты осыдан 10-15 жыл бұрын Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді театр саңлақтары көтеріп, ұсыныс хат жазғанымен, жауапсыз қалған еді. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы осы мәселені Үкімет, Мәдениет министрлігі деңгейінде көтеріп, игі бастама өз шешімін табуда.

— Бүгін қасиетті Әулиеата топырағында, үлкен тарихи оқиға тарихи оқиға болып жатыр. Өзіміздің қазағымыздан шыққан, елім деп, жерім деп, бүкіл өмірін арнаған, қазақстан шыққан тұңғыш кинорежиссер, қазақстан шыққан тұңғыш театр ғылымының негізін қалаушы, театр өнерімектебінің негізін қалаушы, актер дайындау мектебінің негізін қалаушы, жалпы қазақ өнеріне ерекше еңбек сіңірген үлкен, ұлы тұлғаның аты Тараз жерінде айшықталғаны, ұлықталғаны өте үлкен қуаныш. Асқар Тоқпанов ағамыз осы театрда бірнеше жыл көркемдік жетекші болған, талай- талай спектакль қойған. Осы театрдың актерлеріне шеберлік класстарын өткізген. Жалғыз Тараз театры емес, бүкіл Қазақстандағы театрларда жүрген қаншама актерлардың ұстазы болды бұл кісі. Сондықтан, Әулиеата топырағындағы Тараз театрының алдына ескерткішін орнатқаны үлкен көрегенділік деп білемін. Бұл — облыс басшыларының білгендігі, мәдениеттілігі. Осы кісілердің ісі — кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие болып қалуы керек. Ата сыйлау, әруақ сылау — бұл тарихты түгендеу, әрқайссымыздың еткен еңбегімізді бағалай білу. Еліне, өнеріне, басқа да салаларда қыруар еңбек етіп жүрген азаматтардың аты өшпеуі керек. Ол- ұрпақты санасында, жүрегінде болуы тиіс. Той құтты болсын! — деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

 А. Тоқпанов есімі бұған дейін елімізде ешқандай театр мен өнер ұжымына берілмеген. Ал  1936 жылы құрылған облыстық қазақ драма театры осы жылдар бойы бірде-бір тұлғаның атымен аталмаған. Осы тұрғыдан алғанда бұл бастама көпшіліктен зор қолдау табуда.

Театр режиссерінің мүсінін белгілі мүсінші Момыш Сұлтан жасап шықты. Оның құрылысына танымал меценат «Super pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайрат Қаймолдаев демеушілік еткен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.