Жамбыл облысының дихандары Қазақстандық пияздың 75 пайызын өсіруде

0 6

Ағымдағы жылдың 10 айында Жамбыл облысының шаруалары 332,6 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды “ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

— Экономикалық дағдарыс пен коронавирустық пандемияны ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Негізгі міндет — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тамақ өнімдерін импортпен алмастыруға басымдық беру, дәстүрлі емес дақылдар мен тамақ өңдеу өнеркәсібін дамыту, — деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Карантиндік шараларға қарамастан, агроөнеркәсіптік кешенде тұрақты өсім байқалады, көктемгі және күзгі дала жұмыстары уақытында жүргізілді. Егістік алқабы 47 мың гектарға ұлғайтылып, 735 мың гектарды құрады. 817 мың тонна астық жиналды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға артық. Ауылшаруашылығы дақылдарының барлығында жиын-теріннің өскені байқалады.

— Жамбыл облысы пияз өндірісі бойынша республикада көшбасшы болып тұр. Аймақта елдегі пияздың жалпы көлемінің 75 пайызы өсіріледі. Ағымдағы жылы жиналған өнім 691 мың тоннаны құрады. Оның 41,2 мың тоннасы қазірдің өзінде ТМД елдеріне, Ирак, Австралия, Сербия, Түркия, Пәкістан, Польшаға жөнелтілді. Бізге осы бағытта жұмыс істей беру керек, әсіресе жаңа технологиялармен сұрып түрлерін енгізіп, көкөніс қоймаларын көбейтуіміз қажет. Бұл көкөніс түрі еліміздің кез келген аймағында өсе бермейді. Сондықтан пияз біздің облыстың бренді бола алады, — дейді Бердібек Сапарбаев.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазір егіс алқаптары әртараптандырылып жатыр. Алғашқы рет 835 гектар алқапқа күзгі рапс егілді. Түркиялық инвестордың қатысуымен таңқурай мен құлпынай отырғызылып, алма бақтарының аумағы кеңейтіліп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 11,5 мың гектар суармалы алқаптар қалпына келтіріліп, жалпы аумағы 178,5 мың гектарға жеті. Заманауи технологияларды енгізудің арқасында интенсивті бақтардың аумағы 27 пайызға ұлғайтылды. Пайдаланылмай жатқан 72,1 мың гектар ауыл шаруашылық жерлермемлекет меншігіне қайтарылды, деді аймақ басшысы.

Аймақта ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, оның ішінде қуаттылығы 148 мың тонна «Қызылша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қант зауыты, «K-Agro Holding» компаниясының 70 мың тонна картоп фриін шығаратын зауыты, «Алел Агро» ЖШС-нің қуаттылығы 45 мың тонналық құс фабрикасы бар. Бұл жобалардың жалпы құны 167 миллиард теңгені құрайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.