Жамбыл облысында шағын және орта бизнесті қолдауға 8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді

0 14

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коронавирус пандемиясы кезінде аймақтағы кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы баяндады, деп жазады “ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысында 125 мың адам жұмыс істейтін 70 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі. Осы жылдың 10 айында шағын және орта бизнестің өндіретін өнімдері мен көрсететін қызметтерінің көлемі 9,2 пайызға өсіп, 194 миллиард теңгені құрады. Бұған Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қолымыз жетті. Шағын және орта бизнесті қолдауға барлығы 8,3 миллиард теңге бөлінді, — деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Атап айтсақ, несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін 152 кәсіпкерге 1,2 миллиард теңге төленді. «Еңбек» бағдарламасы аясында 6,4 мың адам 3,5 миллиард теңге көлемінде жаңа кәсіп көздерін ашып, оны жүзеге асыруға бағытталған қайтарымсыз грант алды, 1,2 мың кәсіпкер 3,6 миллиард теңге көлемінде шағын несие алды.

Барлығы 14,1 мың кәсіпкерлік субъектісі жалпы сомасы 2 миллиардтеңгеге салықтық жеңілдіктерге ілініп, 740 субъектінің 3,9 миллиард теңге көлеміндегі несиелерін өтеуі кейінге қалдырылды. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 21 пайызға дейін өсіп, 361 миллиард теңгені құрайды.

Шағын және орта бизнесті қаржылық қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы жоспарда жаңа жұмыс орындарын ашу шаралары да қамтылған.

Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына барлығы 73 мыңға жуық адам қатысты. Есепті кезеңде 30,6 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 19,1 мыңы тұрақты.

Жақсы нәтижеге Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асырудың арқасында қол жетті. Жалпы сомасы 64,2 миллиард теңгеге 809 жоба аясында 20 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Осы жобалардың нәтижесінде апатты және үш ауысымды мектептер саны азайды, 1346 шақырым жолға асфальт төселді, әлеуметтік нысандар жөнделді, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жаңартылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.