Биыл Таразбен іргелес жатқан Жамбыл ауданына қарасты Қаратау ауылының жолдарына асфальт төселіп, көшелері жарықтандырылады. Ауыл тұрғындарының тілегіне құлақ асқан аудан әкімі Сәкен Арубаев осылай деп уәде берді. Бұл туралы «Zhambylnews» АА хабарлайды.
Бүгінге дейін Жамбыл ауданындағы Қаратау ауылында таза ауызсу да, табиғи газ да, тіпті ұялы байланыс операторы да болмаған. Олар кешеге шейін шекаралас тұратын Қырғыз Республикасының ұялы байланыс операторын пайдаланып келген еді. Осы мәселелерді ауыл тұрғындары жылда аудан, облыс әкімінің есептерінде тұрақты көтеріп келген болатын.
Биыл Қаратау ауыл тұрғындары үшін жақсы жыл болғалы тұр. Бұл елді мекендегі ескі орталықтандырылған ауызсу жүйесі әбден тозып, соның салдарынан ауыл тұрғындары тіршілік нәрінен қағылған. Оны қалпына келтіру үшін бюджеттен 306 миллион теңге бөлініп, ауылішілік көшелерге су құбыры тартылды.
Сондай-ақ 850 тұрғыны бар ауылдың тұрғындары бұған дейін көрші елдің ұялы байланыс операторын пайдаланып келді. Бұл – тұрғындар үшін тиімсіз болатын. Өйткені 1000 бірлік бір сәтте, ағайынмен амандық-саулық сұрасуға ғана жететін. Қазіргі таңда «Кселл» ұялы байланыс операторы орналастырылып, ауыл жұртшылығы тиімді тарифтің рақатын көруде.
Ауданда табиғи газ 26 елді мекенге кіргізілген. Қазіргі таңда 13 ауылға көгілдір отын тартылуда. Ал Қаратау ауылына газ құбыры былтыр жеткізілген.
— Биыл ауылымызда үлкен қуанышты жағдайлар орын алуда. Ауыз суымыз орталық ауыз су жүйесіне қосылып, үйімізге көгілдір отын кірді. «Кселл» ұялы байланыс операторы орналастырылып, тиімді тарифтің рақатын көрудемі. Үйімізде мереке, қуаныш қоса кіргенін несін жасырайын. Көп жұмыс атқарылды. Енді құрылыс жұмыстарынан бұзылған жолымызға асфальт төсеп берсе деген тілегім бар, — дейді ауыл қариясы Нұрғали Манапов.
Бұл сұраққа Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев былай деп жауап берді.
– Қаратау ауылының ақсақалдары көтерген мәселелер ретімен шешімін табуда. Қазір ауыл тұрғындары ауыз суды, көгілдір отынды толықтай үйлеріне кіргізіп біткен жоқ. Бұл жұмыстар жалғасуда. Ал жолды жөндейміз. Өйткені көмілген шұңқырлардың топырағы отыруы қажет. Содан кейін көшелерге асфальт жабынын төсеп, көшелерді жарықтандыратын боламыз, – деді.