Былтыр Қырғызстан Республикасымен шекаралас жатқан Жамбыл ауданына қарасты Қаратау ауылында таза ауызсу да, «көгілдір отын» жүйесі де, тіпті отандық байланыс операторы да болмаған еді. Қазір елді мекен тұрғындары үшін жағдайдың барлығы жасалған , — деп жазады “ZhambylNews” АА.
Енді сөзден – іске көшіп, байламын тапқан бастамаларды жік-жігімен тарқатсақ…
Қаратау ауылында осы күнге дейін ескі жерасты құбырларынан ақау шығып, су бірде берілсе, енді бірде тиылып қалың нөпірді әбден әбігерге салды. Одан қалса соңғы кездері тіршілік нәрінің құрамыда өзгере бастаған. Жалпы Жамбыл аудандағы 42 елді мекеннің 19-ы таза ауыз сумен қамтамасыз етілсе, үстіміздегі жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Бәйтерек, Шоқай ауылдарына ауызсу жүйелерінің құрылысы басталып, кейбірі аяқталған. Бүгінде Жасөркен мен Қызылқайнар таза ауызсу жүйесіне қосылса, Қаратау ауылына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 306 млн теңге бөлініп, ауылішілік көшелерге су құбыры толығымен тартылды. Құрылыс жұмыстарын қолға алған «Жігер-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі барлық аулаға су тетіктерін жүргізіп берген. Жаңа жыл қарсаңындағы игілікке аудан басшысы Сәкен Қаланұлы арнайы барып, көпшіліктің қуанышына ортақтасса керек. Енді әр тұрғын көше бойындағы ауызсу желісіне қосылуға белсенділік танытуы қажет. Бұл туралы Айшабибі ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Әзімхан Жарлығапов тілге тиек етті.
Мұнда бұдан бөлек бауын тапса, байлауын таппай жүрген мәселе бар. Ол – ұялы байланыс операторының тапшылығы. Айшабибі ауылдық округінен 15 шақырымда орналасқан мекенде 850 тұрғын бар. Аядай ауылдың тұрғындары талай жылдан бері көршілес ағайындардың желісіне қосылып, туыс-туғаннан хабар алып отырды. Бұл – тұрғындар үшін тиімсіз еді. Мысалға, байланыс құралындағы 1000 бірлік аман-саулықты сұрасу үшін ғана жеткілікті. Қазіргідей қарыштап дамып жатқан заманда отандық байланыс неліктен қолжетімсіз деген сауал сіз бен бізді де мазалап отырғаны белгілі. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ұялы байланыс операторлары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында 2020 жылы Жамбыл облысы бойынша 46 елді мекен қамтылу керек болатын. Бүгінгі мәліметке сүйенсек, 40 ауыл байланысқа қосылып үлгерді. Соның ішінде Қаратау ауылы да бар. Қазіргі таңда «Kcell» ұялы байланыс операторы орналастырылып, тиімді тарифтің рақатын тұрғындар көріп отыр. Қуантарлығы қаратаулықтар байланысып қана қоймай, ғаламтор желісінде пайдаланып отырған жайы бар.
Жамбыл ауданында 26 ауылға газ жүргізілсе. Қазіргі таңда 13 ауылға «көгілдір отын» тартылуда. Оған республикалық бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлініп отыр. Игіліктер сәтті аяқталса газбен қамтылуы көрсеткіші өңірде 90 пайызды құрайтын болады. 2021 жылға қосымша республиалық және облыстық бюджеттен 507 млн теңге қаралған. Биыл Жұма станциясы мен Көлқайнар ауылының кварталішілік газ құбыры желісінің құрылысына 84,3 млн теңге бөлінсе, Ерназар, Шайдана және Өрнек ауылдарына кварталішілік газ құбыры желісінің құрылысын жүргізу үшін 655,3 млн теңгеге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылмақ. Ал Қаратау ауылының маңына бүның алдында газ құбыры табан тіреген болатын. Бүгінде тұрғындар белсенділік танытып, газ жүйесіне қосылып отыр.
«Көмірді қажет етпейміз», – дейді ауыл қариясы Нұрғали Манапов.
– Шыны керек, әжелеріміз де, келіндеріміз де, өзіміз де көмір жағып, от жарудың машақатын жақсы білеміз. Бүгін алғашқылардың бірі болып, табиғи газға қосылып отырмыз. Үйімізде мереке, қуаныш қоса кіргенін несін жасырайын. Биыл айтпай кетуге болмас, ауылда біршама тірліктер тиянақталды. Мемлекетіміз халыққа қолайлы орта қалыптастыру үшін түрлі жобаларды ұсынып, бағдарламаларды жүзеге асырып жатқанына жыл ішінде көзім жетіп отыр. Енді құрылыс жұмыстарынан жапа шеккен көшелерге асфальт төселсе деген тілегім бар, – деп сөзін түйіндеді.
Расында халық қажетін өтеу жолында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, соның бірі Жамбыл ауданындағы аядай ауылдағы игіліктер сөзімізді салмақтай кететіні шүбәсіз.