Бұл хикая Жапон елінде болыпты. Токионың ең атақты газеттерінің бірі өзгеше хабарландыру басыпты. Мазмұны мынадай: «Әке-шеше сатам. Әкем 70, анам 65 жаста. Бағасы –мың иен. Бір тиын да түспеймін!»
Жас отбасы сол хабарландыруды алып, қартайғанда бейшараның күйін кешіп, туған баласы бас тартқан мүсәпір «әке-шешені» сатып алмақ болады. Оларды үйлеріне әкеліп перзенттік махаббатқа кенелтейік деп шешеді. Ақ ниетті жандар көрсетілген мекен-жайға да жетеді. Келсе, алдарынан зәулім үй шығады. Хабарландырудан қате кеткен шығар деп ойлайды жастар. Дегенмен, есіктің қоңырауын басып күтеді. Есікті жасы келген ақсақал ашады. Жылы күлімсіреген ол бұлардың не үшін келгенін байсалды түрде тыңдайды. «Бәлкім, біз адасып кеткен шығармыз?» деген сөздерге ақсақал: «Жоқ, сіздер тура келдіңіздер, Үйге кіріңіздер», -деп жастарды төрге отырғызады. «Қазір мен бәйбішемді шақырайын», – деп өзі ішкі бөлмеге кіріп кетеді. Кемпірін жетектеп, екеуі тез оралады.
Сосын, жастарға жағдайды былай деп түсіндірген екен: «Бұл үйдің иесі- біз. Бұдан да өзге құнды дүние – мүлкіміз мол. Бірақ біздің баламыз жоқ. Жиған-тергеніміздің барлығын ертең кімге қалдырарымызды білмейміз. Не де болса, иманды, ізгі ниетті, жақсы адамның қолына қалдырайық дедік. Сол үшін өзгеше хабарландыру берген едік. Мұндай хабарға тек ар-намысы мол адам ғана жауап қатар деп шештік. Мұндай тауарға сатып алушы табылатынына күмәнді едік. Сіздердің ниеттеріңіз- абройлы әрекет. Бізге зор қуаныш сыйладыңыздар. Біз іздеген жақсы адамдар сіздер екенсіздер. Ендеше біз бар дүние-мүлкімізді сіздерге қалдырғымыз келеді»