-
Бір ауылдың сыйлы адамы қайтыс болып, оған ең жақын досы бара алмайтындай жағдайда болады. Ол төсек тартып жатады. Содан ұлын шақырып алып айтады.
— Ұлым, менің досым дүние салыпты. Соған барып топырақ сала алмайтындай күйдемін. Өзің де көріп тұрсың. Мына ауруы құрғырың төсекке таңып тастады… Сен ертең соның қарасына барып, елмен бірге болып, менің және өз атыңнан топырақ таста…
— Әке, мен өлімнен қорқамын!..-деп ұлы шошып кетті.
— Балам-ай, өмір тек ойын-күлкіден тұрмайды ғой… уақыты келгенде сенің де мұндай рәсімдерге баруыңа тура келеді. Өмір бойы ойын-күлкімен жүре беремін деймісің.Олай болмайды ғой, балам-ай… Бар енді… бара ғой…
— Әке, ондай жерге баруға менің уақытым әлі келген жоқ қой, мен жаспын, үлкейгенде барсам да болмайды ма, мені қинамаңыз… Мен моланы, жылап-сықтаған адамдарды көрсем түнімен ұйықтай алмаймын… бармаймын!..— Ай, балам-ай, сенікі де жөн шығар…-деп әкесі аунап түсіп, қабырғаға қарап жатып қалады. Ұлы күндегі тірлігімен шауып кетті. Достарымен ән айтып, тіпті ішімдік ішіп, көңіл көтерді.
Әкемді ренжітіп алдым-ау деген ой қаперіне де кірмеді. Кешкісін үйіне келгенде әкесінің сол күйі бүк түсіп жатқанын көріп, ойланып қалды. Ойланып, ертеңіне әкесінің айтқан қазалы үйге барды. Оралды. Әкесіне: «Әкешім, барып келдім…» деп бір-ақ ауыз сөз айтты.
Содан бұрынғыдай емес науқас әкесіне көп көңіл бөлді. Үй шаруасын тиянақты істеп, достарына бармай қойды. Ұлының мүлдем басқа адамдай өзгеріп келгенін аңғарған әкесі оның сырын іштей сезіп жатса да өзінен сұрамаққа, әлденені ұқпай тұрса, сонысын түсіндірмекке тырысты.
— Ұлым, саған ризамын. Досымды ақтық сапарына шығарып салдың. Топырақ тастадың. Жұртпен бірге болдың. Ол жерге мен бара алмасам да сен барып, төбе көрсеттің, бұныңа Алла риза болсын.
Енді айта қойшы, балам, сен ол жерден не көрдің, түрің мұнша өзгеріп, мұңайып келуіңе қарағанда саған досымның қазасы қатты батқан сияқты… Сондай жерге жұмсағаным…
— Әке, уайымдамаңыз. Бәрі жақсы. Барғаныма өкінбеймін. Сіздің және өз атымнан топырақ салып, жақсы адамды ұзаттық ақтық сапарына…
Ал мен ол жерден не көргенімді айтсам, мен ол жерден топырақ көрдім… иә, тек қана топырақ… уысыма толтыра ұстаған топырақты айтып тұрғам жоқ, әрине ол да бар, бірақ айналамның бәрі топырақ екенін сол сәтте жақсы ұқтым… өмірін сүріп, ақыретке сапарға шыққан досыңыз да, оны жылап-сықтап, қимай шығарып салып жатқан жақындары да,бүкіл адамдар… әрі-беріден соң өлімді ұмытып, күліп, әңгіме-дүкен құрған адамдар да… бәрі-бәрі… мен де… сен де… бар дүние топырақ екен… қыбырлаған-жыбырлағанның барлығы да топырақ бопты… мен осыны түсіндім әкешім, содан ойға шомып, өзімнің осы жасқа келгенше ештеңе ойламай, ойсыз, ойын-күлкімен жүргеніме өкіндім… әке, мен енді дұрыс өмір сүремін, әр минутымды бағалай білуге ұмтыламын.Сізге көп рахмет.
— Ұлым, құлыным, жұлыным менің!.. Ғұмыр жасың ұзақ болсын!-деп әкесі жасаураған көзін сүртті…Мұнайдар Балмолда.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.