Қордайда оқу жылын 26 мыңнан астам оқушы аяқтады

0 20
Бүгін еліміздің барлық аймақтарымен қатар Қордай ауданындағы барлық білім ошақтарында 2025–2026 оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» салтанаты жоғары деңгейде өтті. Биыл аудан бойынша 26 792 оқушы оқу жылын аяқтаса, оның ішінде 2 992 оқушы – 9 сыныпты, ал 1 537 түлек – 11 сыныпты тәмамдап отыр.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген №54 орта мектебінде де ерекше мерекелік шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға аудан әкімі Бегзат Болатбеков қатысып, ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады.
Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасының білім сапасын арттырудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жаңа білім ордасынан биыл алғаш рет 24 түлектің үлкен өмірге қанат қаққанын ерекше ықыласпен жеткізді.
Мерекелік кеш барысында озат оқушылар мен жетістікке жеткен ұстаздардың еңбегі еленіп, мектеп ұжымына, ата-аналарға және білім жолында аянбай еңбек еткен педагогтарға алғыс айтылды.
Сыңғырлаған соңғы қоңырау – түлектер үшін жаңа өмірге бастар қадам, ал мектеп қабырғасындағы әрбір сәт – жүректе сақталар ыстық естелік.
Leave A Reply

Your email address will not be published.