Түсті түстен кейін жорымайды және әйелге, жездеге, жиенге жорытпаған

0 744

Қазақ түсті ешқашан жаманға жорымаған, тіптен, қалжыңдап болсада жаманға жоруға тиым салып отырған. Сонымен бірге түсті түстен кейін жорымайды, әйелге, қалжыңдасатын жезде-балдыздарына, жиендеріне түс жорытпайды. Есесіне, аузында дуасы бар адамға жорытқан.

Бірде атақты Мөңке би түсін Сырым батырға жорытпақ болған. Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің ұзатылып кеткен қызына беруді ұйғарады. Қыз түстің жайын білген соң Сырымға:

– Түсті жездеңе жорытпа, жиеніңе жорытпа, әйелге жорытпа деген сөз бар еді. Сонда да айтайын, – дейді. – Түс – адал түс, қияли түс, шайтан түс деп үшке бөлінеді. Мұны қай түске жатқызарымды білмеймін, бірақ оның шешуі мынадай: «40 ат дегеніміз – мұсылманның 40 парызы орындалмай қалатын заман болады екен. 30 аттың бәйгеден келмей қалатыны – 30 күн ораза ұсталмайтын заман туады екен. 5 аттың төртеуі келмей, біреуінің келгені – бес уақыт намаз қаза болып, оны біреу оқып, біреу оқымайтын кез келеді екен. Қасқырдың шыққаны – кісінікін тартып алып, ұрлап жейтін зорлықшылар заманының туатыны шығар. Түлкінің шыққаны – алдаушы мен арбаушы көбейетін, түлкідей бұлаңдаған заманның күтіп тұрғаны шығар. Қоянның шыққаны – ұрпағымыз үрейленіп өсетін, көлеңкесінен қорқып жүретін заман болар», – деп жорып беріпті.
Осыны айтып болғаннан кейін Мөңке бидің қызы: – Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде әйел билеген заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді, – депті.
Leave A Reply

Your email address will not be published.