Күні жетіп, толғата бастағанда көрші үйде де қазан қайнатып, тамақ асып, «жарысқазан» жасайтын болған. Онда әйелдер жағы «Пісті ме? Пісті!», «Түсті ме? Түсті!» деп айғайлайды екен. Қазан тез қайнаса, толғатқан ана да солай тез босанады деген наным бар. Сонымен қатар үйдегі барлық қаптардың, сандықтардың аузын, есікті ашып қоятын ырым бар. Ана босанғанша үйден өзгеге от бермеген.
Тағы бір қызық ырым – ана толғата бастағанда аттың тізгінін не шылбырын керіп, туыт анаға соны ұстататын болған. Ондағы себеп әдетте жылқы малы, яғни бие туғанын тірі жанға көрсетпейді, әрі еш қиналмай тез туады. Тіптен бірнеше секунд ішінде құлындайды екен. Сол себепті, толғақ жеңіл әрі тез болсын деп ырымдаған.