Тәңірсі адамды топырақтан жаратып, оны періштелерге тамашаламауды бұйырады. Ол кезде Ібіліс періштелердің ұстазы еді. Ол адамның қарнын ұрып көріп еді, бос балшықтан даңғырлаған дыбыс шығады.
Ібіліс мырсиып: — Іші даңғырлаған қуыс екен. Мақтағанды жақсы көреді. Мұның түбіне осы мақтансүйгіштігі жетеді, — деп қарнына түкіріп жіберді.
Жаппар Хақ Жәбірейілге бұйырып: — Ана әзәзілдің түкірігі тиген жерді қыршып алып таста! – дейді.
Жебірейіл адамның қарнынан бір шөкім топырақты ойып алды. Ойылған жері қазіргі кіндіктің орны екен. Құдай тағала бір шөкім топырақты илеп, одан итті жаратыпты.
Осыдан кейін итке үш түрлі мінез дариды: Бірі – шайтан, бірі – адами, бірі – періштенікі.
Шайтани мінез – Ібілістің түкірігінен пайда болады. Сондықтан ит өте сезгіш келеді. Күндіз, түн деп айырмайды. Бірдей біледі, бірдей көреді. Арамды да жейді, нәжістен де жиіркінбейді. Құтырса, иесін де қауып алады.
Адами мінез – адам атадан жұғады. Себебі адамның кіндік топырағынан жаралды. Сондықтан адамды бауыр көреді. Еркелейді, қалмайды, ереді. «Осы үйдің баласы болса екен. Балалары болса, бет-аузын жалар едім. Құйған тамағын жер едім. Еркелеп ойнар едім» деп тілейді. Сол үшін адамдар итті жақсы көреді.
Періште мінез – Жебірейілден дарыпты. Топырақты қыршып алғанда, саусағы тиеді. Сондықтан ит қожайынын дос көреді. Ас бермесе де кетпейді. Күні-түні егесінің күзетінде жүреді. Малын, жанын сақтайды. Қандай қорлық тартса да, арамдық ойламайды. Неше күн аш жүрсе де, егесіне ренжімейді. Итке ас берсе, періштелер риза болады екен.