97 жыл бұрын (1923-1986) жазушы, қазақ әдебиетінде шырғалаң оқиғалы детектив жанрының негізін қалаушы, Ұлы Отан соғысының ардагері ТОҚАЕВ Кемел дүниеге келді. Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
1948-1984 жылдары Жамбыл облыстық газетінде қызметкер, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде жауапты хатшы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде редактор, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ведомстволарының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметтерін атқарған.
Соғыс тақырыбы мен қазақтың құқық қорғау органдары қызметкерлері өміріне арналған «Тасқын», «Болашақ туралы ойлар», «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Таңбалы алтын», «Жұлдызды жорық» атты повестер жинақтары, «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» романдары жарық көрген. Сонымен қатар «Қыс қарлығашы», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Шоқ Жұлдыз» шығармаларының авторы. Тоқаев — детектив жанрында «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» атты пьесалар жазған.
Бірқатар шығармалары шетел тілдеріне аударылған.
- Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендері
- екі мәрте «Ерлігі үшін» медалі
- басқа көптеген медальдар
- Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталары
- КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет Грамотасы
- КСРО Ішкі істер министрлігінің омырауға тағатын арнаулы белгісі
- Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби бәйгелерде бірінші бәйге алып, төрт мәрте лауреат атанды (1956, 1972, 1977, 1980).
Ардагер Тоқаев Кемел отбасында екі ұл және жалғыз қарындасы болған. Ағасы Қасым атасының қолында тәрбиеленген. Бауырының аты өшпесін деген ниетпен ұлына Қасым-Жомарт есімін береді. Анасы көзі тірісінде Жомарт деп ғана атаған.