Қазақта келін неге үш жылдан соң ғана төркіндетіп барған?

0 18

Этнограф Болат Бопайұлы кезінде қазақ келіндері үйлеріне 3 жыл өткен соң да төркіндетіп барған дейді.

«Қазақтың ежелгі салты бойынша ұзатылған қыз бір жыл толмай немесе балалы болмай, тіпті 3 жыл өткеннен кейін ғана төркіндетіп барған. Себебі қазақ ол дәстүрді қыз жат босағаға барғаннан кейін, яғни оң аяқпен ақ босағаны аттағаннан кейін қайын ата, қайын енесіне, қайын жұртына жарасымды жағымды келін болсын деп ырымдаған. Мұны салт пен дәстүрге айналдырып, жақсы ырымға бағалаған», — дейді ол.

Этнографтың айтуынша, қазақ ұзатылған қыздың сәбилі болмай, күйеу баламен төркіндеп баруы жараспайды деп түсінген.
«Өзге отбасыға келін болып түскен қызға күйеу баламен төркініне бару жараспайды деп түсінген. Ал жыл өткеннен кейін сәбиімен, күйеуімен төркіндеп барса, ол үйдің есік босағасы сықырлайды деп сенген. «Қыз ана болды», «ананың жолы үлкен» деп құрмет көрсеткен. Сондықтан келген күйеу балаға, қызына, бірге келген жиендеріне мал сойып, көрші-қолаңды шақырып, қызымыз төркіндетіп келді деп үлкен дастарқан жайып, шағын той өткізетін болған. Қайтарында күйеу балаға шапан жауып, ат мінгізген — қызымызды сыйлап жүрсін, махабаттары мәңгілік болсын деп ырымдаған», — дейді Болат Бопайұлы.

Бірақ этнографтың айтуынша, бүгінде бұл салт аса сақтала қоймаған.
«Қазір қыздар бүгін ұзатылып, ертең төркіндеп, үйлерінде жүреді. Бұрынғы замандарда ондай нарсеге жол бермейтін болған. Ондай заңды, ырымды дәстүрді қатаң сақтаған. Келін, тіпті, ата-енесі отырған орынға отырмаған, алдын кесіп өтпейтін болған», — дейді Болат Бопайұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.