Республикалық байқауда лауреат атанды

0 14

Өнер – ұлт руханиятының алтын қазығы, мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Халық шығармашылығын дәріптеп, ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған республикалық деңгейдегі байқаулар талантты өнерпаздардың қанатын кеңге жайып, шығармашылық әлеуетін танытуына зор мүмкіндік береді.

Осы орайда, 2026 жылғы 28 мамыр күні Қостанай облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы және кино-бейнеқор орталығының ұйымдастыруымен Қостанай облысы Амангелді ауданында ҚазССР-інің Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, белгілі әнші-композитор Қалибек Деріпсалдың шығармаларын орындаушылар арасында республикалық «Көктем-қыздар» байқауы жоғары деңгейде өтті.

Аталған өнер додасына еліміздің әр өңірінен талантты орындаушылар қатысып, әнші-композитордың мол мұрасын насихаттауға өз үлестерін қосты. Байқауда қатысушылардың вокалдық шеберлігі, сахна мәдениеті, орындаушылық ерекшелігі мен шығарманы көркем жеткізе білу деңгейі кәсіби қазылар алқасының бағалауынан өтті.

Бұл байқауда Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты Саду Шәкіров ауылдық мәдениет үйінің сүйемелдеушісі Сағат Әділбек Қайдарұлы аудан намысын абыроймен қорғап, жоғары деңгейдегі өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Өзінің орындаушылық шеберлігі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесінде ол республикалық байқаудың лауреаты атанып, үлкен жетістікке қол жеткізді.

Байқау қорытындысы бойынша Сағат Әділбек Қайдарұлы арнайы дипломмен марапатталып, 100 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыға ие болды. Бұл марапат – өнер иесінің еңбегі мен талантына берілген лайықты баға ғана емес, сонымен қатар аудан мәдениетінің мерейін өсірген маңызды жетістік болып табылады.

Сағат Әділбек Қайдарұлын республикалық байқаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы шығармашылық жолында толағай табыстар, жаңа белестер мен биік жетістіктер тілейміз. Өнердегі өрісі кеңейіп, халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеу жолындағы еңбегі әрдайым жемісті болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.