Саясаттанушы Жұлдызай Исқақова конституциялық реформаға байланысты өтетін референдумға арнап жаңа сайт ашуды ұсынды. Пайымынша, ол сайтта Ата заңның бұрынғы нұсқалары да берілуі керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менен бір танысым қолданыстағы Конституциямыздың мәтінін жіберуімді өтінген болатын. Интернеттен тауып жіберу үшін 5 минут кетті. Түрлі сілтемелерді ақтардым. Заңға сілтеме бар болғанымен, ол заңның өзі жоқ деген сияқты. Әрине, Конституцияның өзін табу қиын емес. Арнайы сайт бар. Ал, Конституцияға енгізілген өзгерістерді табу қиындау. Бүгінгі пікірталас клубының аясында арнайы сайт ашуды ұсынамын. Ол сайт бүкіл жерге таратылуы керек», — деді ол «Sarap» эксперттік клубында өткен дөңгелек үстелде.
Айтуынша, ол сайтта Констутцияның бұрынғы нұсқасы мен ұсынылып отырған өзгертулер қатар берілуі керек.
Халық соған қарап, өзгерістердің мәнін түсінуге мүмкіндік алмақ. «Халықтың онлайн режимде қойып жатқан сауалдарына кәсіби заңгерлер білікті жауап беруі керек. Сонда халықтың қолы қажет ақпаратқа жетеді, референдум кезінде не үшін дауыс беретіндерін түсінеді. Президент ұсынған конституциялық реформа қоғамдық келісімнің жаңа шеңберін, жаңа ойын ережесін айқындайды. Конституциялық тәртіп әдетте биліктің бассыздығына жол бермейді және ол тәртіпті Конституциялық сот күзетеді. Өзгерістерде осы Конституциялық сотты қалпына клелтіру көзделген», — деді сарапшы.
Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне қатысты бейнеүндеуінде Конституциялық соттың құрылатынын растаған еді.