Сыртқы саясатымыз әрдайым дербес болады. Бүгін Ақордада берілген ауызашар кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан – өз геосаяси аймағында осындай ауқымды реформалар жасап жатқан бірден-бір ел. Жаңартылған Конституция және елімізде болып жатқан өзгерістер – осының айқын дәлелі.
Біз осы реформаларды, жалпы айтқанда, осы саясатты міндетті түрде жалғастырамыз. Алдымызда тұрған негізгі мақсат – егемендігімізді нығайту және ұлттық мүддемізді қамтамасыз ету.
Сондықтан еліміз халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде жалғастыра береді, сыртқы саясатымыз әрдайым дербес болады. Біз мұның бәріне мызғымас бірліктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Қандай қиын болса да, бұл жолдан таймауымыз керек. Алға қарай қадам бассақ қана, жолымыз ашық болады. Осылайша, Қазақстан, шын мәнінде, өркениетті, жасампаз және озық ел болмақ», — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бүгін «Ақорда» резиденциясында Мемлекет басшысының атынан берілген ауызашарға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, мәдениет қайраткерлері, құтқарушылар, еңбек адамдары қатысты.