Жыл сайын елімізге 200 шетелдік ғалым тартылады — Саясат Нұрбек

0 14

 Жыл сайын бюджет есебінен 570 студент академиялық ұтқырлық аясында әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына жіберіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасында білім беру иммиграциясы бағыты бойынша 5 іс-шара көзделген. Бұл тұрғыда академиялық ұтқырлық және шетелдік ғалымдарды тарту, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп филиалдар мен кампустар құру, сондай-ақ жоғары оқу орындарын аккредиттеу жүйесін жаңғырту ескерілген. Жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен 570 студент академиялық ұтқырлық аясында әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға (бір семестрге) жіберіледі. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының бюджеттен тыс қаражаты есебінен жыл сайын орта есеппен 1500 студент оқиды. Сондай-ақ, жетекші шетелдік ғалымдарды тарту жүзеге асырылып жатыр. Республикалық бюджет қаражаты есебінен жыл сайын 200 шетелдік ғалым тартылады. Осы орайда бір семестрлік немесе ғылыми алмасу бағдарламасы ескерілген», — деді С. Нұрбек.

Сонымен қатар ол жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты кеңейту бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын айтты. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана ЖОО-лар әлемнің 82 елімен 5162 шарт аясында ынтымақтастықты жүзеге асырды. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – студенттермен, оқытушылармен және ғалымдармен академиялық алмасу, бірлескен ғылыми жобалар мен академиялық бағдарламаларды іске асыру.

«Қазіргі кезде еліміздегі 90-нан астам жоғары оқу орны 1500-ге жуық бірлескен ғылыми жобаны, 181 қос диплом бағдарламасын (білім алушылар саны 1380 адам) және 62 бірлескен білім беру бағдарламасын (білім алушылар саны 1251 адам) іске асырып жатыр», — деді министр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.