Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек еліміздегі су қоймаларына қатысты заңсыз әрекеттерді тексеруді сұрады, деп хабарлайды Kazinform.
«Әріптестер, дабыл қағатын уақыт келді. Мәселен, 2040 жылы елімізде су тапшылығы 15 млрд текше метрді құрайды. Бұл шамамен Арал теңізіне пара-пар су. Ойлап қараңыздаршы, еліміз таза ауыз су ретінде пайдаланатын судың көлемі кемі 50 процентке азаяды. Сонда әрбір екінші менің отандасым ауыз сусыз қалады деген сөз емес пе?! Бұл өте қауіпті. Екіншіден, еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да, әлі күнге шешілер емес. Табиғаттың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Мәселен, кеңестік кезеңде әрбір совхоз жауын-шашын мен қар суын жинайтын. Шағын су қоймалары болатын. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесін дер кезінде көтеріп, арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды», — деді Б. Базарбек Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, ресми деректер бойынша елімізде 1478 гидротехникалық құрылғы қамтылған. Оның ішінде 342 – су қоймасы, 219 – дамба, 119 – су торабы, 313 – тоған бар. Олардың 333 республикалық меншікте, 895-і – коммуналдық меншікте, ал ең қызығы 228-і жекеменшікте болса, 22-сі – иесіз екен.
«Су қоймалары — ең басты стратегиялық нысан. Сондықтан еліміздегі мұндай маңызды су сақтау нысандарының көпшілігінің жекелешеленіп кеткендігі бізді қатты алаңдатып отыр. Су қоймалары мен көлдердің қожайындарының не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Олардың қаншалықты тозығы жетіп тұрғаны, оны нығайту бойынша қандай шаралар қолға алынғаны беймәлім. Жекеменшік нысан болғаннан кейін, оның аумағына ешкім бас сұқпайды. Мемлекеттік бақылаудан да тыс қалып отыр. Сондықтан еліміздегі осындай нысандарға толықтай түгендеу жасап, жай-күйін нақтылау қажет болса, оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару – кезек күттірмес іс», — деді депутат.
Осы орайда ол елімізде жекеменшікке өтіп, бірақ қараусыз қалған, жұмыстары үйлестірілмеген су қоймаларын, дамбаларды, көлдерді, бөгендерді және тағы да басқа стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекет балансына қайтару шараларын қолға алуды ұсынды.
«Су ресурстарын ұтымды пайдалану маңызды. Халқымыз «судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол беріп, талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылуы тиіс деп есептеймін», — деді Б. Базарбек.